Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Заң мен Тәртіп" қағидатын қолдайтын қазақстандықтардың үлесі артты

сот үстелі, судья
Фото: depositphotos.com

Қазақстандықтардың "Заң мен Тәртіп" қағидатына қоғамдық қолдауы жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2026 жылдың III тоқсанында жүргізген сауалнамасында айтылды.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтар "Заң мен Тәртіп" қағидатының жеке маңыздылығын 5 баллдық шкала бойынша орта есеппен 4,47 баллға бағалаған. Респонденттердің 76,8%-ы аталған қағидатты белгілі бір деңгейде қолдайтынын білдірді.

Сауалнамада азаматтардың заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге жеке қатысуға дайындығы артқаны да байқалған. Қағидатты ілгерілетуге қатысып жүрген немесе оған қатысуға дайын респонденттердің үлесі II тоқсандағы 37,4%-дан III тоқсанда 41,7%-ға өскен.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 44,1%-ы "Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыруда оң өзгерістер болғанын атап өтті. II тоқсанда бұл көрсеткіш 41,5% болған.

“Бұл бірлескен жауапкершілік қағидатына сай келеді. "Заң мен Тәртіп" "құқықтық мемлекеттің негізі" ретінде айқындалып, ал заңдылықты қамтамасыз ету тек мемлекеттік институттардың ғана емес, сонымен бірге азаматтардың да күш-жігерімен байланыстырылады. Сауалнамада респонденттердің 41,5%-ы заң мен қоғамдық тәртіптің сақталуына мемлекет пен азаматтар бірдей жауап береді деп есептесе, тағы 34,3%-ы мұндай жауапкершілікті ең алдымен әрбір қазақстандыққа жүктейді. Бұл жауаптар жиынтығында қоғамның жай-күйі үшін жеке және ортақ жауапкершілік идеясының жоғары деңгейде қабылдануын көрсетеді. Әділдік, қауіпсіздік және жауапкершілік – құндылықтардың нақты мән-мазмұны”, – делінген сауалнама нәтижесінде. 

Зерттеу азаматтардың әділдік, заң алдындағы теңдік және қауіпсіздік мәселелеріне сұранысы жоғары екенін де көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 55,4%-ы "Заң мен Тәртіп" қағидатымен жалпы таныс екенін айтқан.

Қағидатты іске асырудың негізгі бағыттары ретінде респонденттер әйелдер мен балаларды қорғауды (38,6%), қаржылық алаяқтықпен күресті (37,3%), сондай-ақ есірткі қылмысы мен экстремизмге қарсы іс-қимылды (35,6%) атаған.

Жастар арасында бұл қағидатты іске асыру нәтижелеріне оң баға бергендердің үлесі жоғарырақ. 18-28 жас аралығындағы респонденттердің 46,2%-ы айқын немесе жекелеген оң өзгерістерді атап өткен.

“2026 жылдың III тоқсанында жүргізілген "Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалдың негізгі индикаторлары бойынша тоқсан сайынғы сауалнаманы" Қазақстандық қоғамдық даму институты жеке сұхбат әдісімен жүргізді, іріктеу жиынтығы – 18 жас және одан асқан 2 400 респондент. Зерттеу жүргізілген аумақ – республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалалары, 17 облыс орталығы, сондай-ақ ауылдық елді мекендер”, – делінген ақпаратта.

Сауалнама 2026 жылдың 1 мен 16 тамызы аралығында жүргізілді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 18:22