Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда банктер депозит пайызын төмендетуі мүмкін: бұл несиеге қалай әсер етеді?

Тимур Сүлейменов
Фото: ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 15,75%-ға дейін төмендетті. Бұл шешім банктердің жаңа несиелер мен депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерін қайта қарауына әсер етуі мүмкін. Алайда несие бірден арзандап, депозит табысы бірден төмендемейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық банктегі брифингте журналистер соңғы төрт айда базалық мөлшерлеме төмендегеніне қарамастан, банктер неге несие пайыздарын жоғары деңгейде ұстап отырғанын сұрады. Сондай-ақ реттеушінің бұл жағдайға ықпал ету мүмкіндігіне қатысты сауал қойылды.

Тимур Сүлейменовтің түсіндіруінше, ақша-кредит саясаты мен базалық мөлшерлеменің экономикаға әсері белгілі бір уақыт өткеннен кейін байқалады. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі коммерциялық банктердің клиенттермен жасалған несие шарттарын бірден өзгертуіне негіз болмайды. Өйткені әр несие бойынша пайыздық мөлшерлеме келісімшартта бекітілген.

“Келісімшарттардың мерзімі жетіп, олар жаңартылған сайын мөлшерлемелер де қайта қаралады. Клиенттер бұрын несиені 17% мөлшерлемемен алғанын, ал қазір мөлшерлеме төмендегенін айтып, 15-16%-бен несие алғысы келуі мүмкін. Бірақ келісімшарт күшінде болғанша, онда көрсетілген пайыз қолданылады. Бұл мөлшерлеме көтерілген кезде де, төмендеген кезде де солай жұмыс істейді. Мұндай өзгерістердің әсері шамамен 9-12 айға созылады, ал кейбір несие түрлерінде одан да ұзақ болуы мүмкін”, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, Қазақстан экономикасындағы несиелер бойынша мөлшерлемелер жыл басынан бері 1 пайыздық тармаққа төмендеген. Ұлттық банк алдағы уақытта да олардың біртіндеп төмендеуін күтеді.

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі банктердің депозит бойынша пайыздарды қайта қарауына да әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, қаржы ұйымдары жаңа салымдарға ұсынатын мөлшерлемелерін төмендетуі ықтимал. Алайда бұл өзгеріс барлық депозитке бірдей әсер етпейді: нақты шарттар банктің саясатына және депозит түріне байланысты.

Сүлейменов әр клиенттің несие шарты әртүрлі болатынын атап өтті. Мөлшерлемеге қарыз алушының несие тарихы, кепілінің болуы және қаржылық жағдайы әсер етеді. Сондықтан базалық мөлшерлеме несие пайызын белгілеудегі негізгі бағдар болғанымен, коммерциялық банктердің мөлшерлемелері оған дәлме-дәл тең болмайды.

Айта кетейік, 2026 жылғы 23 қазанда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті.

Айнура Дарибаева
Жұма, 23 Қазан, 2026 13:53