Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде әлеуметтік жеңілдіктер жымқыру негізінде беріліп жатыр – Тоқаев

Тоқаев (2)
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі. Президент соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге қаржы бөлінгенін атап өтті және оны халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін салынған инвестиция деп қабылдау керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаетың айтуынша, қазір барлық аймақта, әсіресе, ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің сапасы артып келе жатыр.

“2019 жылдан бері еліміз бойынша 1259 денсаулық сақтау мекемесі салынды. Конституциямызда ақысыз медициналық көмектің кепілді көлемі туралы айқын жазылды. Еліміздің азаматтары медициналық қызметтің 1 мыңнан астам түрін ақысыз алуға құқылы. Бұл, түптеп келгенде, бірегей әлеуметтік көмек десек, артық болмас”, – дейді президент.

Сондай-ақ ол еліміздің әрбір мектебінде барлық бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік жағынан осал топтағы балалар, яғни, бір миллион жеті жүз мыңнан астам оқушы ақысыз ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенін айтты.

Президенттің сөзінше, елімізде неше түрлі әлеуметтік жеңілдіктер бар, алайда олардың кейбірі жымқыру негізінде беріліп жатыр. Сондықтан Үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп, осы жұмыспен айналысып жатқанын жеткізді.

Жеті жылда он мыңдаған шақырым автокөлік жолы мен теміржолдар салынып, жөнделді. Тоқаев Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған көлік, энергетика және цифрлық тораптар Қазақстан арқылы өтіп жатқанын атап өтті. 

“Қазақстан орта держава ретінде әлемдік тәртіптің нығаюына елеулі қосып келе жатқан, дамыған, тұрақты әрі зайырлы мемлекет болып танылды. Сындарлы және жауапты сыртқы саясаттың арқасында еліміздің әлемдік абырой-беделі артуда. Қазақстан төлқұжатының мәртебесі жоғары. Еліміздің азаматтары мен бизнес өкілдері үшін барлық елдің есігі ашық”, – дейді президент.

Айтуынша, Қазақстан дүние жүзінде болып жатқан түбегейлі цифрлық өзгерістерге белсене қатысуда.

“Елордамызда Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен заманауи Astana Hub технопаркі жұмыс істейді. ІТ қызметтердің экспорты 1 миллиард доллардан асты. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Оның игілігін отандық компаниялар мен ғалымдар көріп жатыр. Жақында аса қуатты тағы бір суперкомпьютер пайдалануға беріледі. Жаңадан салынып жатқан дата орталықтар кластері – Деректерді өңдеу орталығының алқабы цифрлық экономиканың берік негізін қалайды. Біз Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыруды қолға алдық, жасанды интеллект технологиясы қоғамның барлық саласына енгізіледі”, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, мұның бәрі – цифрлық, басқаша айтқанда, халқымыздың игілігіне қызмет ететін өркендеген мемлекет құруға бағытталған қадам.

Депутаттар мен мелекеттік қызметкерлерге үндеу

Президент тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның түрлі салада үлкен жетістіктерге жеткенін атап өтті.

“Егемен елдің еңсесі – биік» деген сөз бар. Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында түрлі салада толайым табысқа жетіп келеміз. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, мемлекеттігімізді күшейте түсу үшін табанды еңбек етуіміз керек. Мен бүгін еліміздің бірқатар жетістігіне тоқталып өттім. Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет, кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін мойындаймыз, оларды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы керек”, – дейді мемлекет басшысы.

Тоқаев мемлекеттің басым міндеттері мен даму жоспарларын келесі аптада Қазақстан халқына Жолдауында егжей-тегжейлі таныстырады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 2027 жылдан бастап әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Енді жәрдемақының бір бөлігін беру кезінде отбасының табысы, баспанасы, көлігі және басқа да мүлкі ескеріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының әл-ауқатын бағалайтын калькулятордың таныстыруына қатысты. Ол жүйенің қалай жұмыс істейтінін өз отбасының мысалында көрсетіп, нәтижесінде калькулятор оны В санатына жатқызды. 

Айым Болатқызы
Жұма, 23 Қазан, 2026 13:46