Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ алғаш рет ғарышта шабуылдаушы қару орналастырғанын мойындады

АҚШ қару-жарақ
Фото: Thomas Traasdahl/Ritzau Scanpix/AFP via Getty Images

Әуе, ғарыш және киберсоғыс конференциясында АҚШ Әскери-әуе күштерінің министрі Трой Мейнк сөз сөйледі. Ол америкалық әскерилерді "жаңа қауіптерден" қорғау үшін ғарышқа қару орналастырылғанын айтты. Алайда министр бұл қарудың нақты қандай мүмкіндіктері бар екенін және оның орбитаға қашан шығарылғанын айтпады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін АҚШ билігі ғарыштағы әскери мүмкіндіктерін күшейтуді жоспарлап отырғанын ғана мәлімдеген еді. Америкалық шенеуніктердің айтуынша, бұған Ресей мен Қытайдың соғыс болған жағдайда АҚШ спутниктеріне шабуыл жасап, олардың жұмысын тоқтатуға бағытталған бағдарламалары себеп болған.

Трамп әкімшілігі АҚШ аумағына қауіп төндіретін зымырандар мен басқа да нысандарға төтеп беретін "Алтын күмбез" жүйесінің құрамында ғарыштық компонент болатынын айтты. Оның ішінде зымырандарды ұстап қалатын арнайы құралдар да қарастырылған.

1967 жылы КСРО мен АҚШ ғарышқа жаппай қырып-жоятын қару орналастыруға тыйым салатын келісімге қол қойған. Бұл – мемлекеттердің ғарышты, Айды және басқа да аспан денелерін зерттеу мен пайдалануының негізгі қағидаттары туралы шарт. Оған басқа елдер де қосыла алады.

Алайда бұл келісім кәдімгі қару түрлеріне қатысты емес. Соңғы жылдары Ресей, Қытай және АҚШ қарсыластың спутниктеріне шабуыл жасайтын түрлі құралдарды дамытып келеді. Спутниктер байланыс, барлау және навигация үшін маңызды.

2019 жылы АҚШ-та 70 жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет қарулы күштердің жаңа түрі – Ғарыш күштері құрылды. Ал былтыр АҚШ президенті Дональд Трамп Ғарыш күштерінің тек қорғаныс емес, шабуылдау міндеттері де бар екенін мәлімдеген жарлыққа қол қойды.

Ғарыш күштерінің баспасөз хатшысы бұл мақсатта әскерилердің "кинетикалық және кинетикалық емес құралдары" бар екенін түсіндірді.

Ақпан айының басында Ресейдің екі спутнигі Украинаға қарсы толық ауқымды соғыс басталғалы бері Еуропаның кемінде 12 спутнигінің сигналдарын жоғары ықтималдықпен ұстап отырғаны белгілі болды. Ұсталған сигналдар Ресей барлау қызметтеріне қолжетімді болуы мүмкін. Сондай-ақ теориялық тұрғыдан спутниктерді басқаруды өз қолына алу қаупі де болған.

2024 жылы АҚШ Ресейдің басқа спутниктерге шабуыл жасауға қабілетті болуы мүмкін спутникті ғарышқа ұшырғанын хабарлады. Ресей бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

АҚШ Ғарыш күштерінің мәліметінше, Қытай "әскери күштерін жаңғырту стратегиясы аясында ғарыштағы және ғарышқа қарсы мүмкіндіктерін дамытып, пайдаланып жатыр". Ал Ресей "ғарышты соғыс жүргізу ортасының бірі ретінде қарастырады және болашақтағы қақтығыстарда ғарыштағы басымдықты шешуші фактор деп санайды".
 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 08:45