Сот қазақстандықты психикалық ауруына байланысты грантын өтеуден босатты
Тараз қалалық соты ауыр психикалық науқасына байланысты түлекті грант ақшасын өтеуден босатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, 2016 жылы талапкер "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша "Қазақ спорт және туризм академиясы" АҚ-на мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен. 2020 жылы жігіт университетті сәтті тәмамдаған. Оқу кезеңінде республикалық бюджеттен жоғары оқу орнының есепшотына студент үшін 1,7 миллион теңге аударылған.
Шарт талаптарына сәйкес, жауапкер білім беру саласында кемінде үш жыл жұмыс істеп, грантты өтеуі тиіс болған.

Алайда сотта Қаржы орталығының өкілдері жауапкердің небәрі жеті ай жұмыс істегенін айтып, одан оқу ақысына жұмсалған 1,4 миилион теңге мен 1,1 миллион теңге көлемінде тұрақсыздық өтемақысын, жалпы 2,5 миллион теңге өндіріп беруді талап еткен.
"Сот анықтағандай, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жауапкерден ауыр психикалық ауру анықталған. Азамат Н. бірнеше рет ем қабылдап, психиатриялық диспансерлік есепте тұрған", – делінген сот хабарламасында.
Сот педагогтің кәсіби міндеттерін орындауына кедергі келтіретін аурудың туындауына жауапкердің кінәсі жоқ деген қорытындыға келді.
Сот шешімімен Қаржы орталығының талап-арызы қанағаттандырылмады.
Еске салсақ, бұған дейін мүгедектігі бар бала немесе ауыр науқас туысына күтім жасаушылар грант өтеуден босатылатыны туралы жазған едік.
"Адам қанын ішіп, етін жеген": Атышулы каннибал Жұмағалиевтің қылмыстары неге жылдар бойы ашылмай келді