Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"4 миллион теңге айыппұл төледім": 2026 жылы Қазақстанда білім грантын өтеу үшін не білу керек

грант отработка
Фото: ChatGPT

 

Қазақстанда мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнын бітірген түлектердің міндетті жұмыспен өтеу мәселесі қайта талқылана бастады. Заң бойынша бірқатар түлек оқуын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл жұмыс істеуге тиіс. Міндеттемені орындамаған жағдайда мемлекет білім алуға жұмсаған шығынды өндіріп алуы мүмкін. Қазір әлеуметтік желіде грантты өтемеген түлектерден миллиондаған теңге талап етіліп жатқаны, өсімпұлдың қалай есептелетіні және қандай жұмыс грант өтеуіне саналатыны талқылануда. Stan.kz тілшісі заңгерден грантты өтеудің тәртібі, түлектердің міндеттері мен қандай жағдайда төлемнен босатылуға болатынын сұрап білді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік грантты жұмыспен өтеу мәселесі биылғы түлектердің "бас ауруына" айналды. Бұл талаптың құқықтық негізі бірнеше жыл бұрын қалыптасқанымен, мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған түлектерге арналған үш жылдық міндеттеме кейіннен кеңейтілді. 2017–2018 оқу жылынан бастап бұл талап мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орнына түскен барлық студентке қатысты қолданыла бастады.

Қыркүйек айы басталғалы бері әлеуметтік желілерде грантты өтеу, жұмысқа орналасу мерзімі және міндеттемені орындамаған жағдайда төленетін қаражатқа қатысты сұрақтар қызу талқыланып жатыр.

Грант отработка тредс
Фото: Әлеуметтік желіден

 

“Университеттен кейін грантты өтеу (неотработка) бойынша жағдайға тап болғандар бар ма? Сот 2,5 млн теңге көлемінде төлем белгіледі. Осы жағдайды қалай шештіңіздер? Бөліп төлеу кестесін сұрау мүмкін бе?”
"Мемлекет мені екінші рет сотқа беріп жатыр. Бұл Қазақстанның жартысында болып жатқан мәселе деп ойлаймын. 2020 жылы университетті бітірдім, 2024 жылға дейін ешқандай мәселе болған жоқ. 2024 жылы еш ескертусіз шоттарым бұғатталып қалды. Себебін іздеп, хабарласқанымда, маған мекенжай беріп, осы жерге барыңыз деді. Сол жерге барған кезде ғана оның грантты міндетті жұмыспен өтеуге қатысты екенін білдім. Гранттың негізгі сомасына қоса үстінен өсімпұл қосылған, оған қоса жеке сот орындаушысының қызмет ақысы және мемлекеттің мені сотқа бергеніне байланысты шығарған шығындары бар. Адвокат іздедім, соттастым".
"Айыппұл әбден бәле болды ғой. Бітірген мамандығым – тамақ өндірісінің технологы. Кез келген ұйымға жұмысқа орналасып, зейнетақы төлемдері жүріп тұрса, грантты өтеу болып есептеле ме? Естуімше, тек медицина және педагогика мамандықтары бойынша ұйымның бағыты да сәйкес болуы міндетті екен. Ал менің мамандығым техникалық. Сондықтан кез келген бағытта жұмыс істейтін ұйымға тіркелсем болады деп естідім. Бірақ бұл нақты ма? Кім осылай жасап көрді? Кейін айыппұл келген жоқ па?"
“Грантта оқығаным үшін 4 млн айыппұл келді. Оны төлететінін білгенде оқымайтын едім ғой . Ақылы түрде оқыған жақсы ма деп қалдым. Кімде бұндай жағдай болды? Жалпы дұрыс па?” сынды жазбалар көбейді.

 

Кім грантты өтеуге міндетті?

Министрлік түлектердің басым бөлігі үшін міндетті жұмыспен өтеу мерзімі 3 жыл екенін еске салды. Бұл ретте талаптар мамандық пен білім беру квотасына байланысты өзгереді.

  • "Ауыл квотасы" бойынша: дәрігерлер, мұғалімдер, ветеринарлар және аграрлық сала мамандары кемінде 3 жыл ауылдық жерде жұмыс істеуге міндетті.
  • "Серпін" жобасына қатысушылар: түлектер кемінде 2 жыл белгіленген өңірлерде жұмыс істеуі керек. Бұл ретте кез келген меншік нысанындағы ұйымды таңдай алады.
  • Медицина және педагогика мамандары: тиісінше денсаулық сақтау немесе білім беру ұйымдарында 3 жыл жұмыс істеуі қажет.
  • Докторантура (PhD) түлектері: мемлекеттік органдарда немесе білім беру, ғылым және денсаулық сақтау ұйымдарында 3 жыл жұмыс істеуі керек.
  • Қалған мамандықтар бойынша: түлектер мемлекеттік те, жеке де ұйымдарда 3 жыл жұмыс істеуге міндетті.

 

Кімдер босатылады?

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, заңда түлекті міндеттемені толық немесе ішінара орындаудан босатуға болатын бірқатар жағдай қарастырылған.

Арнайы комиссия мына санаттағы түлектерге қатысты шешім қабылдайды:

  • тұрғылықты жері бойынша немесе жұбайының жұмыс істейтін жерінде бос жұмыс орны болмаған жағдайда;
  • I–II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураны, сондай-ақ магистратура мен докторантураны аяқтағандар;
  • жүкті әйелдер және 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған адамдар;
  • мерзімді әскери қызметті немесе келісімшарт бойынша әскери қызметті өткергендер;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар;
  • I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдар.

 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, университетті бітірген жылы түлектер 1 қыркүйектен кешіктірмей жұмысқа шығуы керек. Алайда оқуын басқа уақытта аяқтайтындар үшін бұл талаптың өзіндік ерекшеліктері бар:

"Оқуын аяқтаған түлектер сол жылдың 1 қыркүйегіне дейін жұмыс орнына келуге міндетті. Ал оқуын аяқтау мерзімі өзгеше болған жағдайда, оқу аяқталғаннан кейін екі ай ішінде жұмыс орнына келуі керек. Бұл мерзім үздіксіз есептеледі", – делінген ведомство жауабында.

Заңгердің пікірі

ЖОО тегін оқығаның үшін мемлекетке қайтару керек міндетте нені білу керек? Бұл туралы заңгер Бекмырза Аманкелдіден сұрап білдік. Заңгердің сөзінше, егер түлек университетті 2026 жылы бітірсе, 2029 жылға дейін грант өтеуі керек. 

“Ал айыппұл жағын өз тәжірибеммен түсіндіріп берейін. Мен осы грант өтеуі бойынша 400-ден астам соттарға қатыстым. Көбі 3 жылдан кейін де соттасып жатады немесе 1,5 жылдан кейін соттасып жатады. 400 істің ешқайсысы бұдан ерте уақыттан соттасқан емес. Демек, бұл жерде гранттың өтімі 1,5 жылдан кейін сізге мониторинг жасап, сотқа арыз жазылады”, – деп жауап берді заңгер.

Айтуынша, гранттың өтеуіне келетін айыппұл бірден келе қоймайды. Сот арқылы барып, бір-ақ келеді. Сондай заңгер, нақты бекітілген мамандықтар гранттың өтеуін тура сол мамандық бойынша жұмыс істеуді талап ететінін айтты

“Мәселен журналист мамандығын бітірген түлек, бір мекемеде есепші болып кетсе де, бастысы оның зейнетақы қоры жүріп тұрса болды. Бірақ кейбір бекітілген мамандықтар бар. Олар: педагогика, медицина және кейбір техникалық мамандықтар. Олар қалай бітірсе, солай сол мамандықпен 3 жыл бойы жұмыс істеуі міндетті”, – деді заңгер.

Сондай-ақ, заңгер мамандық бойынша жұмыс жасап, алайда әлі зейнетақы қоры жүрмей тұрған кезде, айыппұл келсе не істеу керектігін де тілге тиек етті. Сөзінше, сотқа шақыртып қалған жағдайда сол мекемеде жұмыс жасап жатқаны туралы анықтама көрсету керек. Ол сотқа дәлел бола алады.

Заңгер бакалаврды бітіре сала шетелге жұмыс істеуге немесе басқа бағдарламамен оқуға кеткен жағдайда гранттың өтеуі не болатынын да түсіндірді.

“Білім беру туралы заңның 47-бабы 17-2-тармағына сүйенеміз. Ол жерде қай кездерде грантты кейінге қалдыру туралы жазылған. Бітіруші түлек бакалаврды Қазақстанда бітіріп, кейін шетелге түсіп кетсе сол заңға сүйенгеніміз жөн. Шетелде оқу –  грант өтеуінен құтылады деген сөз емес. Шетелге барып магистратураңызды оқисыз, кейін қайтып келіп, грант өтеуіңізді әрі қарай жалғастырады”, – деді заңгер Бекмырза Аманкелді.

Заңгер шетелде жұмыс істеуге кеңес бермейтінін мәлімдеді. Сөзінше, гранттың өтеуінсіз қаржы орталығы да мемлекет те бұған ешқандай келісімін бермейді. Өйткені заң жүзінде бакалаврдың өтеуі заң бойынша мемлекетке қайтуы керек деп бекітілген. 

Грант өтеуі бойынша ең көп кездесетін мәселе

Stan.kz тілшісі грант өтеуі бойынша 400-ден астам сот жүргізген заңгерден көбіне қандай мәселе бойынша соттар көп болатынын сұрады. Заңгердің айтуынша, гранттың айыппұлына қосылып кеткен өсімпұл туралы сот көп болады.

“Ең көп болып жатқан мәселе, қазір артық қосылатын өсімпұл болып тұр. 10 істің 7-еуі осы өсімпұл бойынша сот жүреді. Яғни қаржы орталығы мынанша күн бойы ол жұмыссыз жүрді, жұмыссыз жүрген күндерін негізгі төлейтін айыппұлына қосып есептейді де, айыппұл етіп салып жібереді. Біздің негізгі күресіп жатқанымыз осы”, – деді заңгер.

Сондай-ақ заңгер мемлекет студент кезінде оған қанша төледі, сонша қайтаруы керек. Дәл осы схема негізі әділетті деп санайтынын жеткізді. Өз тәжірибесінде қосылып кеткен артық сома 500 мың мен 2 млн-ға жуықтағанын да айтты.

“Бұл бірінші, екіншіден бакалаврды грантта аяқтап, кейін магистратураны ақылы түскен адамдар да бар. Олардың магистратура оқығанын есептемей, сонда да айыппұл арқалап кеткен адамдар бар. Бұл жерде магистратураға түскені туралы мекемеге хабарлама жіберіп, қосымша протокол шығару керек. Ал үшіншісі жүкті әйелдер мен мүгедектігі барлар. Оларды да көбіне ескере бермейді”, – деді заңгер.

 

Қазіргі кездегі заңгер осы үш мәселе, көбінде болып жататынын айтты.

“Мемлекет ұтылып жатыр”

 Заңгер Бекмырза Аманкелді қазіргі университет түлектерінің негізгі мәселесі бойынша өз пікірін білдірді. Өз сөзінде ол бұл заңға наразы екенін айтты.

“Жалпы бұндай жағдай болмауы керек есептеймін. Өйткені әр 4-5 жыл уақытын құртып білім алған адам бітірген соң былай да жұмыс істейді. Негізі маман тапшы болып жатқан мамандықтарға грантты көп бөлген дұрыс деп ойлаймын, алайда оларға кейін өтеуін талап етіп, есепшоттарын бұғаттап, басып-жаншу әбестік”, – деді заңгер.

Заңгер керісінше, енді мектеп бітірейін деп жатқан жастарды мамандыққа ынталандыру керек деп есептейтінін мәлімдеді.

“Мәселен, көбірек мұғалімдер керек пе, мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, айлығын көтеру керек. Медицина мамандары көп керек пе, олардың жағдайын жасау сынды әрекеттер керісінше, баланы сол мамандыққа ынталандырады. Бұл жерде тағы бір айта кетерлік мәселе бар. Негізі мемлекет бұл тұрғысынан ұтылып жатыр. Өйткені грант өтеуінен қашып жүрген адамдардың есепшотын бұғаттап тастайды. Ал ол адам бәрібір жұмыс істеудің басқа амалын табады. Досының ЖШС-мен жұмыс істейді немесе қолма қол ақшамен айлық алады және т.б. Қолма қол ақша алып жүргеннен кейін ол түлектен мемлекетке салық төленбейді. Бұл – мемлекетке ақша қайтпайды деген сөз. Демек, “сұр экономика” көбейеді деген сөз”, – деді заңгер.

Заңгердің сөзінше, мемлекет грант өтеуін алып тастаса, бұл мәселе кемінде 20%-ға азаяды. Сөз соңында заңгер президенттік шәкіртақыға іліккендер кейін айыппұл төлейтін кезде мемлекет президенттік шәкіртақыны есептеметінін жеткізді.

2012-2025 жылдар аралығында грантпен 357 374 түлек оқу бітіргені

  • 104 263 адам – заңды түрде жұмыспен өтеуден босатылған;
  • 39 549 адам – міндетін толық орындады;
  • 163 011 адам – қазір жұмыспен өтеп жатыр;
  • 4 865 адам – оқу шығындарын өз қалтасынан өтеп берді;
  • 45 686 адам – міндеттемені орындамай отыр.

Айта кетейік, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері жатақхана жағдайына шағымданды. Олардың айтуынша, ғимаратта биыл жөндеу жүргізілгенімен, оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі бөлмелер суық, төрт білім алушыға бір ғана шкаф берілген, ал кей жиһаздардың әбден тозығы жеткен. Оған қоса, бір студенттің жатақханада тұру ақысы 275 мың теңге. Студенттер мұндай жағдай үшін қомақты қаржы төлеуге наразы.

Ислам Әден
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 09:30