Еңбек министрлігі айына 2-3,4 миллион теңге жалақысы бар бос жұмыс орындарды атады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Enbek.kz электронды еңбек биржасындағы бос жұмыс орындары және 2026 жылғы маусымда қазақстандықтардың жалақыға қатысты ұсыныстары мен жұмыс берушілердің ұсынып отырған еңбекақысы туралы ақпарат жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, өткен айда жұмыс берушілер 108,7 мың бос жұмыс орнын жариялаған, ал жұмыс іздеушілер 126,7 мың түйіндеме орналастырған.
Салалар бойынша ең жоғары сұраныс білім беру саласында тіркеліп, 19,2 мың бос жұмыс орны ұсынылған.
- Қызмет көрсетудің өзге түрлері саласында – 16,5 мың;
- Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында – 12,1 мың;
- Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында – 9,5 мың;
- Құрылыс саласында – 8,4 мың;
- Өңдеу өнеркәсібінде – 7,3 мың бос жұмыс орны жарияланған.
Жарияланған вакансиялардың 25%-ында жоғары білікті мамандарға сұраныс бар. Қалған жұмыс орындары орта және төмен білікті мамандарға шамамен тең бөлінген.
Жұмыс іздеушілердің арасында 35 жасқа дейінгі азаматтар басым. Олар барлық түйіндеменің 49%-ын құрайды. Министрлік мұны оқуын енді аяқтаған түлектердің еңбек нарығына шығуымен байланыстырады. Ал 35-44 жас аралығындағы азаматтардың үлесі – 25%, 45-54 жас – 17%, 55 жастан асқандар – 9%.
Сондай-ақ жұмыс іздеушілердің 55%-ы әйелдер, ал 45%-ы ер адамдар болған.
Ең көп бос жұмыс орны Түркістан облысында тіркелген – 12,3 мың. Одан кейін Астанада – 8,5 мың, Жамбыл облысында – 7 мың және Қарағанды облысында – 6,7 мың бос жұмыс орны жарияланған.
Айлығы жоғары қандай бос жұмыс орындары бар?
Біліктілік деңгейі бойынша еңбек нарығындағы жұмыс күшінің ұсынысы жұмыс берушілердің сұранысына жалпы сәйкес келеді.
Маусым айында ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында:
- Дивизион директоры – шамамен 1,98 миллион теңге;
- Басқарма басшысының орынбасары – шамамен 1,38 миллион теңге;
- Ұңғыма инженері – 1,31 миллион теңге.
Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күтетін мамандар:
- Ұшқыш – шамамен 3,4 миллион теңге;
- Жүйелік сәулетші (системалық архитектор) – 2,5 миллион теңге;
- Хирург-дәрігер – 2 миллион теңге.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, маусым айындағы көрсеткіштер мамырда төмендегеннен кейін Enbek.kz платформасында іскерлік белсенділіктің қайта жанданғанын көрсетеді. Сұраныс пен ұсыныс жыл басынан бергі ең жоғары деңгейге жеткен.
Министрліктің мәліметінше, жұмыс берушілер ең көп әлеуметтік сала, қызмет көрсету және маусымдық жұмыстарға маман іздейді. Ал жұмыс іздеушілер арасында жастардың, әсіресе оқуын жаңа аяқтаған түлектердің саны артқан.
Жыл басынан бері Enbek.kz платформасында 604,4 мың бос жұмыс орны және 736 мың түйіндеме жарияланған.
Бұған дейін Қазақстанда орташа жалақы 445 мың теңге болып белгіленгені туралы жазған едік.
Қазақстандық әйел липосакция жасатамын деп өлім аузынан қалды: Оған отаны мейіргер жасаған
Оқыңыз