Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтарды "хайп қуушы" деп, оны жекпе-жекке шақырды

Еркебұлан Тоқтар / Данияр Елеусінов
Фото: Instagram.com/erkebulan_toktar / yeleussinovdaniyar

Актер әрі жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтың шақыруына жауап берді. Ол Елеусіновпен рингке шығудан қашпайтынын, алайда көпшілік алдында өтетін ресми айқас болса, оны промоутерлер ұйымдастырып, тиісті қаламақы төленуі керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Екі спортшының арасындағы сөз қағысы Данияр Елеусіновтың әлеуметтік желідегі жазбасынан басталған. Олимпиада чемпионы Тоқтарды “хайп қуушы” деп атап, онымен жұдырықтасуға дайын екенін білдірді.

“Маған Олимпиада чемпионын әлдекімнен төмен санайтын мына хайп қуушыны беріңдерші... Жарты раунд”, – деп жазды Данияр Елеусінов Stories-інде.

Осы сөзі арқылы боксшы Еркебұлан Тоқтарды жарты раундта-ақ жеңе алатынын меңзеген.

Бұған жауап берген Еркебұлан Тоқтар Елеусіновтың спорттағы жетістігін жоғары бағалайтынын айтып, оның өзіне не себепті шүйліккенін түсінбейтінін жеткізді.

“Данияр ағаны қатты сыйлаймын. Олимпиада чемпионы ғой. Менің деңгейіме түсіп, менімен бокс ұсынатын адам емес деп ойлаймын”, – деді Тоқтар.

Сонымен бірге ол мәселе жеке бас араздығына тірелсе, Данияр Елеусіновпен жаттығу залында спарринг өткізуге дайын екенін айтты. Ал жекпе-жек көрермен алдында, ресми форматта өтетін болса, әңгіменің жөні бөлек екенін жеткізді.

“Егер мені міндетті түрде ұру керек болса, залға келіп, спарринг өткізейік. Олимпиада чемпионынан, қазақтың ағасынан жеңілу мен үшін ұят емес. Ал бүкіл халықтың алдында жұдырықтасқымыз келсе, промоутерлермен келісіп, жақсы жекпе-жек ұйымдастырсын. Қаламақы төленсе, боксқа шығуға дайынмын”, – деді Еркебұлан Тоқтар.

Актердің жауабынан кейін Данияр Елеусінов оның видеосының астына “екіжүзді” деген қысқа пікір қалдырған. Алайда көп ұзамай жазбасын өшіріп тастаған.

Айта кетейік, екі спортшы арасындағы мұндай әңгіме алғаш рет туындап отырған жоқ. Биыл қаңтарда да Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтармен коммерциялық жекпе-жек өткізу мүмкіндігін жоққа шығармаған еді.

Еркебұлан Тоқтардың кәсіпқой бокста да тәжірибесі бар. Ол 2022 жылы кәсіпқой рингте алғаш рет жұдырықтасса, 2025 жылы Ташкентте Тимур Никулинді небәрі 48 секундта нокаутқа түсірді. 2026 жылы да бірнеше жекпе-жек өткізіп, шілдеде Алматыда Артем Тарасовты бірінші раундта жеңген.

Ал Данияр Елеусинов – 2016 жылғы Олимпиада чемпионы. Кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен, оның тоғызын мерзімінен бұрын аяқтаған.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 18:44