Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет пен бизнеске сенім қалай қалыптасады: Астанада PR Forum Astana өтті

PR Forum Astana 3

Қазақстан астанасында мемлекеттік және корпоративтік коммуникацияларды дамытуға арналған кәсіби салааралық конференция – XIV жыл сайынғы PR Forum Astana өтті. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – "Мемлекет пен бизнес үшін сенім — аса маңызды стратегиялық тірек".

13 жыл ішінде PR Forum Astana Қазақстанның әр өңірінен 1500-ден астам қатысушыны – бизнес өкілдерін, мемлекеттік құрылымдар, бұқаралық ақпарат құралдары және кәсіби коммуникация саласының мамандарын бір алаңға жинады. Биылғы пікірталастарда саяси коммуникациялар, қазақ тіліндегі контентті дамыту, өнеркәсіп саласындағы коммуникация ерекшеліктері, жасанды интеллектіні пайдалану және имиджбен жұмыс істеу мәселелері, сондай-ақ қазақстандық компаниялар мен ұйымдардың нақты PR-кейстері талқыланды.

"Бүгінде сенім мемлекет үшін де, бизнес үшін де негізгі ресурстардың біріне айналып отыр. Оны бір ғана жарнамалық науқанмен немесе сәтті аяқталған ақпараттық жобамен қалыптастыру мүмкін емес. Сенім жүйелі әрекеттен, ашықтықтан және түрлі аудиториямен шынайы диалог құра білу қабілетінен қалыптасады. Сондықтан биыл коммуникация мәселесіне сенім тұрғысынан қарауды жөн көрдік. Яғни мемлекеттік институттарға, компанияларға, медиаға және PR мамандығына деген сенім туралы сөз қозғадық", – дейді "PR-шы" клубының тең құрылтайшысы, ҚР Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастығы (НАСО) Кеңесінің төрағасы Әсел Қараулова.

Саяси коммуникациялар: Жаңа ережелер және сенім

Іскерлік бағдарламаны "Қазақстандағы саяси коммуникациялар: сайлау, сенім және саяси PR-дың жаңа ережелері" атты негізгі пленарлық пікірталас ашты. Сарапшылар мемлекет, саяси институттар, БАҚ пен қоғам арасындағы өзара байланыстың қалай өзгеріп жатқанын, бүгінде саяси коммуникацияның қандай құралдары тиімді екенін және аудитория сенімінің бұл үдерістегі рөлін талқылады.

PR Forum Astana

Қазақ тіліндегі контент: Формалды аудармадан толыққанды коммуникацияға дейін

Форумның жеке панелі қазақ тіліндегі контентті дамыту мәселесіне арналды. Қатысушылар компаниялар мен ұйымдардың сәтті және сәтсіз тәжірибелерін саралап, қазіргі қазақ тіліндегі контент қандай болуы керегін талқылады. Негізгі мәселе – контенттің тілдік талаптарды формалды түрде орындау емес, аудитория қабылдайтын табиғи әрі толыққанды коммуникацияға айналуы.

Өнеркәсіп саласындағы коммуникациялар

Форумның тағы бір тақырыптық бағыты өнеркәсіптегі салалық коммуникациялардың ерекшеліктеріне арналды. Ірі өндірістік компаниялардың қызметі қызметкерлер, жергілікті қауымдастықтар, мемлекеттік органдар, инвесторлар, БАҚ және қоғамдық ұйымдар секілді көптеген мүдделі тараптармен тығыз байланыста жүзеге асады. Сондықтан бұл салада сенім, ашықтық, ESG қағидаттары және беделге төнетін тәуекелдерді басқару мәселелері айрықша маңызға ие.

PRacticum: Нақты кейстер мен өлшелмелі нәтиже

Дәстүрлі практикалық PRacticum бөлімі нақты коммуникациялық кейстерге арналды. Форум қатысушылары дағдарыс кезіндегі сауатты коммуникацияның Отбасы банкіне шағымдар санын едәуір азайтуға қалай көмектескенін білді. Сонымен қатар саналы донорлық мәдениетін қалыптастыру мәселесі және Қазақстан Ұлттық Банкінің зерттеулер, медиа кеңістікті талдау мен жасанды интеллект құралдарын коммуникациялық шешімдер қабылдауда пайдалану тәжірибесі талқыланды.

Форумның тағы бір кейсін серіктес BCC Life ұсынды. Компания PR, ESG және клиенттік тәжірибе тоғысындағы зейнетақы аннуитетін ілгерілету тәжірибесімен бөлісті.

PR Forum Astana

Пікірталастан бірлескен шешім іздеуге дейін

Форумның жұмыс бағдарламасын "Сенім конструкторы: AI, GR және салалық коммуникациялар іс жүзінде" атты фасилитациялық сессия мен іскерлік ойын қорытындылады. Қатысушылар топтарға бөлініп, күнұзаққа талқыланған құралдар, идеялар мен тәжірибені біріктіре отырып, нақты коммуникациялық міндеттерді шешуге жұмыс істеді.

"Бизнес үшін сенім – абстрактілі репутациялық ұғым емес. Ол компанияның қызметкерлерімен, серіктестерімен, мемлекетпен және қоғаммен қарым-қатынасының сапасына тікелей байланысты. Ашық кәсіби диалог әртүрлі тараптардың талап-тілегін дұрыс ұғынып, ұзақ мерзімді серіктестік құруға жол ашады. Сол себепті мамандар тәжірибе алмасып, коммуникацияның жаңа әдістерін қарастыратын кәсіби алаңдарға қолдау көрсетуіміз маңызды", – деді ТШО-ның үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.

PR Forum Astana 2026 серіктестері

XIV PR Forum Astana форумының дәстүрлі бас серіктесі – "Тенгизшевройл" ЖШС. Іс-шара серіктестері – KAZ Minerals, Қазақстан автомобиль қауымдастығы, BCC Life және Air Astana.

Форум Қазақстанның Пресс-клубы, Қазақстан Республикасының Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастығы (НАСО) және Nabroski қолдауымен өтті.

Іс-шараның ақпараттық серіктестері – салалық PRDrive басылымы, сондай-ақ Stan.kz, BES.Media, Bizmedia, Nur.kz, Aleminform.kz, Pikirmedia.kz, Smart News ақпараттық сайттары және PR Alliance Telegram-арнасы.

PR Forum Astana ұйымдастырушылары – Қазақстанның Пресс-клубы / PG Communications коммуникациялық тобы және "PR-шы" клубы.

Форум Hilton Garden Inn Astana қонақүйінде өтті.

PR Forum Astana
Ақгүл Айдарбекқызы
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 18:37