Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда көше атаулары тек қазақша жазылып жатыр: Қала әкімдігі себебін түсіндірді

көше
Фото: Instagram qazaqgrammar

Алматыда көше атаулары қазақ тілінде жазыла бастады. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланып, тұрғындар тарапынан қолдау тапты. Осыған орай Stan.kz әкімдіктен қаладағы барлық көше осылай өзгере ме, анықтап көрді. 

Алматыда кейбір көшелердің атауы тек қазақ тілінде жазыла бастады. Ал мұны қала тұрғындары желіде қуана талқылап жатыр. Оған “Qazaq Grammar” назар аударып, әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы жазба арнады.

“Көше атаулары жүргізушілерге алыстан-ақ бірден байқалатындай, түсінікті болуы керек. Ал оны тағы бір тілмен, яғни орысшамен қосарлап қойсаң, “визуал шу” пайда болып, керісінше оқуды қиындатар еді”, – деп жазды парақша иесі. 

Жазбаға пікір білдірген қолданушылардың басым бөлігі бұл бастаманы қолдады.

“Қазақша ғана жазылсын, бәрі түсінеді. Жинақы, үлкен болып жақсы көрініп тұрады бірден, көзге қолайлы. Туристер де түсінеді. Google translate бәрінде бар. Бірақ мысалы Абай даңғылы Кенесары даңғылы дегенді бәрі түсінеді. Аударудың да керегі жоқ”. 

пікір
Фото: Threads скрин

“Алматы қаласында бастау алған көше атауларының тек қазақша жазылуын басқа қалалар үлгі етіп алып, жалғастырсақ керемет болар еді. Аз-аздан үздіксіз нәтиже болары сөзсіз!”.

пікір
Фото: Threads скрин

“Алматыда көше атауларының тек қазақша жазылуын қолдаймын! Ешқандай национолизм емес басқа ұлттарына. Тек қазақ тілі беделін өсіру саясатын көріп тұрмын. Қазақ тілден ұялмау керек, қазақша сөйлеуден ұялмау керек, үйренуден ұялмау керек . Акцентпен сөйлесін ұрынбау керек, күлмеу керекпіз. Қазір заман басқа, бәрі қолда бар дүние. Бәріңе жақсылық”. 

Қала билігі не дейді?

Stan.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінен барлық көше аншлагтары мен жол белгілері тек мемлекеттік тілде жазыла ма, оларды толық ауыстыру жұмыстары қашан аяқталатынын сұрап білді. 

Әкімдік мәліметінше, қалада көше аншлагтары мен жол белгілерін мемлекеттік тілде жазу жұмыстары 2022 жылдан бері жүргізіліп келеді.

“Қазақстан Республикасы тіл туралы” заңының 21-бабына сәйкес, жол белгілеріндегі жазулар, егер Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік тілде жазылады. Қолданыстағы жол белгілерінің тиісті қызмет ету мерзімі аяқталуына байланысты оларды кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа жол белгілері мен бағыттауыш көрсеткіштер қолданыстағы стандарттар мен заңнама талаптарына сай орнатылуда”, – делінген жауапта. 

Демек қаладағы барлық көше көрсеткіші бір уақытта ауыстырылмайды. Қолданыстағы белгілер мерзімі біткен сайын жаңартылып, жаңа аншлагтар мен жол белгілері қазақ тілінде орнатылады. Әкімдік бұл жұмыстардың қолданыстағы стандарттар мен Қазақстан заңнамасының талаптарына сай жүріп жатқанын айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы LRT желісі қашан іске қосылатыны, қандай көшелермен өтетіні туралы жазып едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 14 Тамыз, 2026 12:03