Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Путин алғаш рет Курил аралдарына барды: Жапония бұл сапарға наразылық білдірді

Владимир Путин
Фото: TACC

Ресей президенті Владимир Путин Курил аралдарына алғаш рет сапармен барды. Аралдарды өз аумағы деп санайтын Жапония бұл сапарға наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити Путиннің сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етіп, Жапонияның Ресейге деген көзқарасын нашарлатқанын мәлімдеді.

Путин Жапония өз аумағы деп санайтын Итуруп аралына барған. Арал Үлкен Курил жотасының шеткі бөлігінде, Жапонияның Хоккайдо аралына жақын орналасқан.

Ресей президенті аралдағы "Ясный" балық өңдеу зауытына барып, онда уылдырықтың бірнеше түрінен дәм татты. Путинді сапар барысында бірге жүрген Сахалин облысының губернаторы Валерий Лимаренко Сахалин мен Куриль аралдарының жағалауына алып туна балықтары рекордтық мөлшерде жақындағанын айтты.

Бұл – соңғы 16 жылдағы Ресей президенттерінің Курил аралдарына жасаған алғашқы сапары. 2010 жылы сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведев Итуруп аралына барған. Ал Владимир Путин Курил аралдарына алғаш рет барып тұр.

Дмитрий Медведев Курил аралдарына төрт рет барған. Ол 2010 жылы Ресей президенті ретінде, ал 2012, 2015 және 2019 жылдары премьер-министр қызметінде болған кезде аралдарға барған. 2021 жылы Итуруп аралына Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин барған.

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити Путиннің сапарына қатаң реакция білдірді. Оның айтуынша, бұл сапар "Жапонияның Ресейге деген қарым-қатынасын нашарлатады".

Такаитидің сөзінше, архипелаг "тарихи тұрғыдан да, халықаралық құқық тұрғысынан да Жапонияға тиесілі бірегей аумақ" болып саналады.

"Бұл жапон халқының сезіміне нұқсан келтіреді және мүлдем жол беруге болмайтын жағдай. Ресей тарапы бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін толық түсінеді деп үміттенеміз", – деді Такаити телеарна арқылы жасаған мәлімдемесінде.

Бұған дейін Жапонияның сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэги Путиннің Курил аралдарына сапарына байланысты Ресейге наразылық білдірген.

"Солтүстік аумақтар, оның ішінде Эторофу (Итуруп), тарихи тұрғыдан да, халықаралық құқыққа сәйкес те Жапонияның ажырамас аумағы болып табылады. Жапония бұл сапарға үзілді-кесілді наразылық білдіреді", – деді министр.

Токиодағы Ресей елшісі Николай Ноздрев Жапонияның сыртқы істер министрлігіне шақыртылды. 

Айта кетейік, Ресей мен Жапония арасындағы Курил аралдарының кімге тиесілігіне қатысты дау ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. Бұл аумақтық дау Мәскеу мен Токионың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейбітшілік туралы келісімге қол қоймауының негізгі себептерінің бірі болып саналады.

Архипелагтың оңтүстік бөлігіндегі Итуруп, Кунашир, Шикотан аралдары мен Хабомаи аралдарын Жапония өз аумағы деп санайды және 1855 жылғы Ресей-Жапония арасындағы сауда және шекара туралы трактатқа сүйене отырып, оларды Хоккайдо префектурасының құрамына енгізеді. 

Ал Мәскеу бұл аралдардың Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша Кеңес Одағының құрамына енгенін және Ресейдің оларға қатысты егемендігіне ешқандай дау жоқ екенін мәлімдейді.

Екінші дүниежүзілік соғыста Жапония капитуляция жасағаннан кейін Кеңес Одағы Сахалиннің бүкіл аумағы мен Куриль аралдарын өз құрамына қосты. Соғыстан кейін Мәскеу мен Токио оңтүстік Куриль аралдарының тиесілігіне қатысты келіспеушіліктерге байланысты бейбітшілік туралы келісімге қол қоя алмады.

1956 жылы КСРО мен Жапония тек бейбітшілік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Құжатқа сәйкес, Кеңес Одағы бейбітшілік туралы келісім жасалғаннан кейін Шикотан мен Хабомаи аралдарын Жапонияға беру мәселесін талқылауға дайын болған.

Кеңес Одағы Курил аралдарын өз құрамына қосқаннан кейін аралдардағы жапон халқы депортацияланды. Токионың мәлімдеуінше, жер аударылған тұрғындар мүліктерінен айырылып, балық аулау кәсібімен айналысу мүмкіндігінен де қағылды.

Қазір Курил аралдарында шамамен 20 мың адам тұрады. Аралдарда Ресейдің әскери бөлімдері мен шекара қызметіне қарасты елді мекендер орналасқан.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ Ресейге қарсы санкциялар туралы жаңа заң жобасын мақұлдағаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2026 22:38