Тұсауын Динара Сәтжан кесті: Қайрат пен Жұлдыз қыздарының 1 жасын тойлады
Танымал әнші Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдікәрімова кенже қыздары Рәбия Сұлтанның бір жасқа толуына орай тұсаукесер рәсімін өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отбасындағы қуанышты сәттен Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол қазақтың тұсаукесер дәстүріндегі әрбір нышанның мәніне тоқталып, қызының алғашқы қадамына ақ тілегін арнаған.
“Тоқ ішек – тоқшылық пен молшылықтың нышаны. Халқымыз баланың өмірі тоқ, берекелі болсын деп тілеген. Жасыл шөп – тіршіліктің, өсіп-өнудің, жаңарудың белгісі. Ал ала жіп – адалдықтың нышаны”, – деп жазды актриса.
Жұлдыз Әбдікәрімованың айтуынша, дәстүрге сай Рәбия Сұлтанды жалаң аяқ жерге тұрғызған. Мұндағы мақсат — баланың табаны жерге тиіп, табиғаттың жылуын сезінуі.
“Табанымен көкті басып, жердің қуатын алып, жылуын сезініп, тіршілікпен үндессін. Әр қадамың жер-анаға аманат. Бұл – сенің тағдырыңның бастауы”, – деп жазды ол.
Рәбия Сұлтанның тұсауын тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжан кесті. Ол бұл ұсынысты бірнеше ай бұрын Жұлдыз Әбдікәрімовадан алғанын айтып, өзіне көрсетілген сенімді үлкен мәртебе санағанын жеткізді.
“Бұл мен үшін әдемі дәстүр ғана емес, үлкен абырой әрі сенім. Рәбия Нұртас әулетіне шуақ болып келді, жылуы мен махаббатын ала келді”, – деді Динара Сәтжан.
Тележүргізуші Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованың балалары көз алдында өсіп келе жатқанын айтып, олардың тәрбиесі мен өнеріне де тоқталды.
“Барлығы өнерлі, тәрбиелі, білімді. Мұның артында ата-ананың ғана емес, тұтас әулеттің тәлімі жатыр. Ата-әженің көрегендігі мен құндылықтары балаларға да мирас болып жалғаса бермек”, – деп жазды ол.
Динара Сәтжан Жұлдыз Әбдікәрімованы ұстамды әрі парасатты жан ретінде сипаттап, Рәбия-Сұлтанның махаббатқа бөленіп, әулеттің ұйытқысы болатын бақытты қыз болып өсуіне тілектестік білдірді.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады
