Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Анар Батырханға "Ерен еңбегі үшін" медалі не себепті берілгені түсіндірілді

Мәдениет және ақпарат министрлігі әнші әрі блогер Анар Батырханның "Ерен еңбегі үшін" медалімен не себепті марапатталғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Анар Батырхан Республика күні қарсаңында "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған еді. Алайда бұл шешім әлеуметтік желі қолданушыларының арасында қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары әншінің мемлекет алдындағы қандай еңбегі үшін марапат алғанына күмән келтірген.

"Ол қандай еңбегі үшін осындай марапат алды? Мемлекет үшін не істеді? Халықаралық байқауларда жеңіске жетті ме? Әлде TikTok-та тікелей эфирге шығып, жұрттан ақша сұрағаны үшін марапатталды ма?" – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір пікір қалдырған азамат өзінің дәрігер екенін, мұндай марапатты 42 жыл еңбек еткеннен кейін ғана алғанын айтып, наразылығын білдірген.

Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшілері Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне сауал жолдаған.

Ведомствоның мәліметінше, "Ерен еңбегі үшін" медалі экономика, әлеуметтік сала, ғылым, мәдениет және мемлекеттік қызмет саласында елеулі еңбек жетістіктеріне жеткен азаматтарға беріледі.

Мемлекеттік марапатқа үміткерді мемлекеттік органдар, шығармашылық одақтар, түрлі ұйымдар мен еңбек ұжымдары ұсына алады. Әр кандидатқа арнайы құжат толтырылып, онда оның еңбек жолы, нақты жетістіктері мен кәсіби табыстары көрсетіледі.

Алайда министрлік мемлекеттік награда беру жөніндегі комиссияның шешімі түсіндірілмейтінін атап өтті.

"Нұсқаулықтың 10-тармағына сәйкес, комиссия шешімдері түсіндіруге жатпайды. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың сұрауы бойынша мемлекеттік наградаларға қатысты мәліметтерді, оның ішінде марапатталған азаматтардың наградтау парақтарын беруге шектеу қойылған", – деп мәлімдеді комитет.

Соған қарамастан ведомство Анар Батырханның мәдениет саласында 2014 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын жеткізді. Ол ән айтып, киноға түсіп, тележүргізуші болып жұмыс істейді. Сондай-ақ түрлі музыкалық жобаларға қатысып, қазақстандық музыканы насихаттауға үлес қосып жүр.

"Анар Батырханның кандидатурасы заңда белгіленген тәртіппен "Ерен еңбегі үшін" медаліне ұсынылды", – деп түсіндірді комитет.

Айта кетейік, Анар Батырхан – қазақстандық әнші, актриса, тележүргізуші және блогер. Оның Instagram желісіндегі парақшасына 2,6 миллион адам жазылған. Ал Spotify платформасында ай сайын шамамен 4,9 мың, "Яндекс Музыкада" 23,5 мың тыңдарманы бар.

Еске салсақ, бұған дейін танымал әзілкеш әрі актер Данияр Жұмаділов те "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған еді. Өнер иесі бұл марапатты қазақ өнерін шетелде дәріптеп, мәдениет саласында 25 жыл еңбек еткені үшін алғанын айтқан. Медальді оған мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев табыстаған.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 12:21