Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көптен күткен арманы орындалды": Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдукәрімова тұңғыш ұлына тұлпар сыйлады

Жұлдыз Әбдукәрімова мен Нарұл
Фото: Instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial/

Танымал әнші Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдукәрімова тұңғыш ұлы Нарұлға ерекше сый жасады. Ерлі-зайыпты бірнеше жылдан бері ат спортымен айналысып жүрген баласына өзі армандаған тұлпарын алып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қуанышты жаңалықты Жұлдыз Әбдукәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Актрисаның айтуынша, Нарұл бірнеше жылдан бері атқа мініп, түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Осы уақыт ішінде талай жарақат алса да, жылқыға деген сүйіспеншілігі еш бәсеңдемеген.

“Талай аттан құлады. Қолын да, аяғын да, белін де жарақаттап алды. Сонда да жылқыға деген махаббаты жыл өткен сайын арта берді. Алғашқы жылдан-ақ өзінің жеке тұлпары болғанын армандады. Сұрады, қалады, күтті. Ал әкесі екеуміз балалық қызығушылық па, әлде шынайы құштарлық па, уақыт көрсетсін деп шештік”, – деп жазды актриса.

Актриса уақыт өте келе ұлының ат спортына деген ықыласы арта түскенін байқаған.

Оның сөзінше, Нарұл бос уақытының басым бөлігін атқорада өткізеді екен.

“Қолы қалт етсе, атқа асығады. Жасөспірім шақтың қызығына еріп, қатарластарымен қыдырып, компьютерлік клубтарға баруға да аса қызықпады. Мектептен босай сала атқораға жүгіреді. Аттарды шомылдырады, астын тазалайды, жем-суын береді. Кейде үйге түн ауа бір-ақ оралады”, – дейді ол.

Баласының жылқыға деген ықыласын көрген жұлдызды жұп биыл оның көптен бергі арманын орындауды ұйғарған. Сөйтіп, Нарұлға өзі таңдаған сәйгүлігін сатып алып берген.

Алайда Қайрат Нұртас іссапарда болғандықтан, ұлына тұлпарды табыстау сәтіне қатыса алмаған.

“Іссапарға байланысты тұлпарын табыстау сәтіне Қайреке үлгеріп келе алмады. Бірақ бұл күнді ұлымен бірге әкесі де қаншалықты күткенін мен жақсы білемін. Құлыным, азаматқа қазанат серік болсын! Тұлпарың құтты болсын! Тақымыңнан тұлпар, басыңнан бақ таймасын! Алар асуың биік болсын!” – деп жазды Жұлдыз Әбдукәрімова.

Актриса жариялаған бейнежазбада Нарұлдың көптен күткен сыйлығына қуанып жатқан сәті көрсетілген.

Желі қолданушылары жас шабандозды құттықтап, ата-анасының баласының қызығушылығын қолдағанына сүйсінді. Көпшілік Нарұлға ат спорты бойынша алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

Еске салайық, бұған дейін Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдікәрімова кенже қыздары Рәбия Сұлтанның бір жасқа толуына орай тұсаукесер рәсімін өткізгені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 14:20