"Сотталушы аппеляциялық шағым түсірмек": Нұрай Серікбайдың ағасы сот үкіміне қатысты пікір білдірді

Шымкентте марқұм Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай сот үкіміне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сұлтан Серікбай үкіммен толықтай келісетінін айтты.
"Материалдық шығын біз үшін аса маңызды емес. Бізге ең бастысы өмір бойы бас бостандығынан айырылғаны. Өйткені адамның құны ақшамен өлшенбейді. Сот шешімімен келісеміз. Бұл біздің 8 айдан бергі еңбегіміздің нәтижесі. Мақсатымыз осы болған. Дәлелдің бәрін бердік. Сотталушынының адвокаттары апелляциялық шағым түсіруі мүмкін", – деді Сұлтан Серікбай.
Марқұмның ағасы апелляциялық шағым берілген жағдайда да бұл істі соңына дейін жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.
Жәбірленушілердің адвокат Аянхан Омаров та үкімге қатысты пікір білдіріп, сотталушының адвокаттары шағым түсіретінін мәлімдеді.
“Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Әлі алда 15 күн мерзім бар. Сол 15 күннің ішінде сотталушы үкіммен келіспей апелляциялық шағым түсіруі мүмкін. Үкімнің соңғы нүктесін апелляциялық сатыдағы сот қояды. Қазіргі үкіммен толық келісемін”, – деді Аянхан Омаров.
Сотталушы Шерхан Аймаханның адвокаты апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
“Шерхан Аймаханның адвокаты ретінді үкімнің кейбір тұстарымен келіспейміз. Үкімді нақты алғаннан кейін, үкімді зерттеп, апелляциялық шағым түсіреміз. Нақты қай тұстарымен келіспейтінімді үкімнің толық нұсқасын алмай, айта алмаймын. Үкіммен ішінара келіспейміз”, – деді айыпталушының адвокаты.
Еске салсақ, бүгінгі сот отырысында сот айыпталушы Шерхан Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Шерхан Аймахан қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы – аса қатыгездікпен адам өлтіру, 125-1-бабы – некеге тұруға мәжбүрлеу және 115-1-бабы – сталкинг бойынша кінәлі деп танылды. Сонымен қатар ол 25 миллион теңге моралдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.
Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады