Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда "Дайвинчик танысу" Telegram арнасына тыйым салынды

Дайвинчик
Фото: vk.com/dayvinchik

Қазақстанда Telegram мессенджеріндегі танымал "Дайвинчик танысу" арнасының қызметі заңсыз деп танылып, тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мүндай шешімді Алматы қаласының Алатау аудандық соты аудан прокурорының арызы негізінде шығарды. Соттың арнаға тыйым салуына негізгі себеп ретінде пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерінің болмауы және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатер аталған.

"Сот шешімдері орындау үшін уәкілетті органға жолданды. Тергеліп жатқан қылмыстық істерге қатысты мәліметтерді ұсынуға қатысты қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды", – делінген ресми жауапта. 

Сот кабинетіндегі материалдарға сүйенсек, Алатау ауданының прокуратурасы интернет кеңістігіне мониторинг жүргізіп, құқыққа қайшы контентті анықтаған. Қадағалау органының назарына аудиториясы 16 миллионнан асатын "Дайвинчик танысу" Telegram арнасы іліккен.

Тексеру нәтижесінде арнаның ешқандай жас шектеуінсіз жұмыс істегені және оған кең ауқымды пайдаланушылардың қол жеткізе алғаны анықталды. Платформада балалар мен жасөспірімдердің сауалнамалары еркін орналастырылған. 

Сот отырысында прокуратура өкілі платформаның бақылаусыз жұмыс істеуі нақты қылмыстарға әкелгенін атап өтті. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары бір қылмыстық істі тергеген. Оның аясында 2007 жылы туған кәмелетке толмаған А 2025 жылдың сәуірінде "Дайвинчик" арқылы күдікті Н-мен танысып, кейін онымен жыныстық қатынасқа түскен.

Талап арызда боттың жұмыс істеуі балалардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретіні көрсетілген.

"Аталған мән-жайлар ресурстың жұмыс істеуі кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың жасалуына нақты қауіп төндіретінін, сондай-ақ Конституция мен "Бала құқықтары туралы" заңның талаптарына қайшы келетінін көрсетеді", – делінген құжатта.

Сот шешіміне сәйкес, үкімді орындау екі мемлекеттік органға: мәдениет және ақпарат министрлігі мен цифрлық даму, министрлігіне жүктелген.

Айта кетейік, "Дайвинчик" – бірнеше жыл бұрын "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде дәл осындай атаумен паблик ретінде жұмысын бастаған танымал танысу жобасы. Кейін оның негізінде Telegram-бот құрылып, қазір оның 17 миллионнан астам жазылушысы бар.

Telegram арна әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді белсенді пайдаланатын жасөспірімдер, студенттер мен жастар арасында бейресми қарым-қатынас жасауға арналған ең ірі платформалардың біріне айналды. Оның аудиториясының едәуір бөлігін кәмелетке толмаған пайдаланушылар құрайды.

Еске салсақ, 2025 жылдың қазанында Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы кәмелетке толмаған қыз балаға қатысты қылмыстан кейін "Дайвинчик танысу" Telegram арнасын бұғаттау үшін арыз жолдағаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2026 20:33