АҚШ азаматы Алматы полициясының әрекетсіздігіне наразылық білдіріп, аштық жариялады
АҚШ азаматы Гийом Гарро Алматы прокуратурасы ғимаратының алдында 4 жасар ұлын іздеуді талап етіп, аштық жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі New York Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымға берген сұхбатында ер адам баланы Қазақстанға бұрынғы әйелі Сана Онаева алып кеткенін айтты. Оның сөзінше, жергілікті билік соттың баланы әкесіне қайтару туралы шешімін бір жылдан астам уақыт бойы орындамай келеді.
Ер адам тығырыққа тірелгендіктен аштық жариялауға бел буғанын айтады. Оның пікірінше, бұл – биліктің назарын аударып, мәселені естіртудің жалғыз жолы.
Гийом Гарро ұлы Максимилианның қайда екені туралы жауап алғанға дейін Алматыдағы прокуратура ғимаратының алдында болатынын мәлімдеді.
Гийом Гарро мен қазақстандық Сана Онаева 2020 жылы үйленіп, бір жылдан кейін олардың ұлы дүниеге келген. Алайда көп ұзамай ерлі-зайыптылардың некесі бұзылған. Ер адамның айтуынша, бұрынғы әйелі оған сөзбен және физикалық тұрғыда агрессия көрсеткен. 2023 жылдың ақпанында ол бөлек тұру туралы сотқа жүгінген. Отбасылық сот Онаеваның тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалғанын анықтаған.

Гарроның адвокаттары бұрынғы әйеліне баланы Қазақстанға алып шығуға рұқсат бермеуді талап еткен. Алайда судья әйелдің жағына шықты.
Сана Онаева елден кетер алдында Қазақстандағы бауырына 220 мың доллар аударған. Баланың әкесі бұл әрекетті күмәнді деп санайды.
Әйел ұлымен бірге Қазақстанға ұшып кетіп, кейін АҚШ-қа қайтып оралмаған. 2024 жылдың 30 наурызында Онаеваға қатысты бала ұрлады деген айыппен қамауға алу туралы ордер берілген.
Ер адамның айтуынша, ол ұлын іздеу барысында АҚШ, Франция және Қазақстан билігінен көмек алуға тырысып, 250 мың доллардан астам қаражат жұмсаған. Өткен айда баланың жүрген жері анықталғанымен, оның денсаулығы күрт нашарлап, медициналық көмекке жүгінуге тура келген. Осыдан кейін бұрынғы әйелі мен баласы қайтадан ізім-ғайым жоғалып кеткен.
"Ең басты мәселе: егер билік баланың қайда екенін білсе, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заң талаптарын орындау үшін неге жедел әрі ашық шаралар қабылданбайды?", – дейді Гарро.
Айта кетейік, Қазақстан соты баланың ұрланғанын мойындап, 2025 жылдың ақпанында Максимилианды Калифорнияға қайтару туралы шешім шығарған. Алайда бұл шешім әлі күнге дейін орындалмаған.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады