Шымкентте жасөспірім аттракционнан құлап, қолын сындырып алды (видео)
Шымкентте "Жайлаукөл" саябағында жасөспірім қыз джампинг-аттракционынан құлап, қолын сындырып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 8 тамыз күні кешкі уақытта болған.
Анасының айтуынша, қызы аттракционда секіріп жатқан кезде арқан үзіліп кеткен. Соның салдарынан бала құлап, қолын сындырып алған.
Сондай-ақ жасөспірімнің анасы оқиғадан кейін саябақ әкімшілігі кешірім сұрамағанын мәлімдеді. Әйел Шымкент қаласының әкімдігінен саябақ басшылығын және онда орнатылған аттракциондардың техникалық жағдайын тексеруді сұрады.
"Жайлаукөл" саябағының әкімшілігі әйелдің жазбасына жауап беріп, қыздың жарақат алғанын растады. Алайда саябақ басшылығы оқиғадан кейін отбасы назардан тыс қалды деген пікірмен келіспейді.
Саябақ әкімшілігінің мәліметінше, қызметкерлер қызды ауруханаға жеткізуге көмектесіп, оның туыстарымен байланысқан және кешірім сұраған. Сондай-ақ аттракцион саябақ әкімшілігіне емес, жеке кәсіпкерге тиесілі екені нақтыланды.
Саябақ өкілдері кінәні басқаға жүктеп, болған оқиғаны жасыруға ниетті емес екенін айтып, барлық мән-жайды заңда белгіленген тәртіппен анықтауды қолдайтынын мәлімдеді.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Қаладағы аттракциондардың бірінде кәмелетке толмаған қыздың дене жарақатын алуына әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – делінген полиция хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Таразда қатты желден батут ұшып кетіп, екі бала құлағаны туралы жазған едік.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады
