Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бастапқыда қабылдай алмадым": Төреғали Төреәлінің жары ерекше қызының өмірін қалай өзгерткенін айтты

Толқын Тұрарбекқызы
Фото: Instagram.com/tolkynturarbekkyzy

Әнші Төреғали Төреәлінің жары Толқын Тұрарбекқызы ерекше қызы Кәусардың дүниеге келуі өз өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтты. Ол мұны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеосында баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның сөзінше, қызы туғаннан кейін өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгерген. Алғашқы жылдары қызының диагнозын қабылдау оңай болмағанын жасырмады.

“Кәусар дүниеге келгелі Толқын 360 градусқа өзгерді. Қазіргі Толқынның үлкен жолын бастап берген – Кәусар деп айтсам, қателеспеймін. Бастапқыда қабылдай алмадым. "Менің баламда қандай да бір диагноз болуы мүмкін емес" деген қарсылық болды. Бірақ уақыт өте бәрін қабылдадық”, – деді ол.

Толқын Тұрарбекқызының айтуынша, алғашқы бес жыл бойы олар түрлі ем-дом іздеп, оңалту орталықтарына үздіксіз барған. Сол кезде қызының жүріп кетіп, сөйлеп кететініне үміттенген.

 Алайда кейін ол өмірге басқаша қарауды үйренгенін айтады.

“Кәусарға қараған сайын оның өмірге деген қуанышын көрдім. Жүрмесе де, сөйлемесе де әр күнімізге шүкіршілік ететінін түсіндім. Сонда адамның бақыты оның жүріп-тұруына немесе сөйлей алуына байланысты емес, ол – адамның таңдауы екенін ұқтым”, – деді әншінің жары.

Ол сондай-ақ ерекше қызы өзіне ана болудың қадірін өзгеше сезіндіргенін айтты. Айтуынша, кейінгі балаларын тәрбиелеу барысында шаршаған сәттерінде Кәусарды еске алып, өз ойын өзгертіп отырады.

“Кейде балаларға “шуламаңдар” дегің келеді. Бірақ сол сәтте өзімді тоқтатып, “осылардың ойнап-күлгенінен шаршайыншы” деп ойлаймын. Кәусар – менің өмірімдегі ең үлкен сый”, – деп түйіндеді Толқын Тұрарбекқызы.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 23:00