Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаулық суретші Қазақстан мәдениетін бедерлі картиналар арқылы дәріптеп жүр

Инна Ермакова
Фото: 1tv.kz

Қазақстанның тарихы мен мәдениетін ерекше көркемдік тәсілмен насихаттап жүрген ақтаулық суретші Инна Ермакова жаңа туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Академиялық кескіндеме мен барельефті ұштастырған авторлық техникада салынған картиналарда қазақтың салт-дәстүрі, тарихи тұлғалары мен ұлттық болмысы көрініс тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 1tv.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қылқалам, бояу мен кенеп суретшінің ширек ғасырдан астам уақыт бойы серік болған негізгі құралдары. Соңғы алты жылда Инна Ермакова академиялық кескіндемені барельеф элементтерімен ұштастырған авторлық әдісті дамытып келеді. Бір туындыны аяқтауға бірнеше айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Оның айтуынша, ең бастысы – Қазақстанның тарихы мен мәдениетін өнер арқылы жеткізу.

"Бұл менің туған жерім. Осында дүниеге келдім, бала кезімнен осы мәдениетті бойыма сіңіріп өстім. Айналамдағыны, көргенімді бейнелеймін. Ұлттық мерекелерге жиі қатыстым. Әсіресе Маңғыстауда Наурыз кең көлемде тойланатын, киіз үйлер тігілетін. Ата-анам мені түрлі мерекелерге ертіп апаратын", – деді Инна Ермакова.

Қылқаламға қол созбас бұрын суретші тарихи деректерді мұқият зерттейді.

Архивтерді ақтарып, кітаптар мен құжаттарды оқиды. Оның айтуынша, әрбір деталь тек көркем ғана емес, тарихи тұрғыдан да дәл болуы керек.

"Үйімізде үлкен кітапхана бар. Ата-анамыз кітап оқуды жақсы көретін, бізді де соған баулыды. Студиямызда да ескі кітаптардың мол қоры жиналған. Сонымен қатар тарихты жақсы білетін аға буын өкілдерінен кеңес аламыз. Картина жазу барысында аудиокітаптар мен деректі бағдарламаларды тыңдаймыз", – деді Инна Ермакова.

Суретші өз тәжірибесін шәкірттерімен де бөліседі. Солардың бірі Әсел Мұрзағалиева. Ол бұл студияға сегіз жылдан бері келіп жүр. Оның айтуынша, дәл осы жерде өзіне деген сенімі артқан.

"Алғаш келгенде қатты қорықтым. Біреу күлсе ше, қылқалам ұстай алмайды десе ше деп ойладым. Бірақ сол қорқынышты жеңдім. Инна Ермакованың жанында ондай сезім болған жоқ. Алғашқы суретім-ақ сәтті шықты, 3D көзілдіріктің суретін салғаным есімде. Оның барлық жұмысы ұнайды. Себебі ол әр картинасын жан-тәнімен салады", – деді Әсел Мұрзағалиева.

Инна Ермакова үшін әрбір шығарма – тарих туралы ой қозғауға арналған шақыру. Егер көрмеден кейін бір адам болса да Қазақстанның көрнекті тұлғалары жайлы кітап оқуға немесе ұлттық мәдениетке жаңаша көзқараспен қарауға ниеттенсе, суретші өз еңбегінің мақсаты орындалды деп есептейді.

Еске салайық, бұған дейін Парижде Лувр мұражайынан бағалы зергерлік бұйымдар ұрланғанын жазған едік. Франция президенті Эмманюэль Макрон бұл оқиғаға байланысты пікір білдіріп, ұрланған жәдігерлердің міндетті түрде қайтарылып, кінәлілердің жауапқа тартылатынын айтты. Ал осыдан бұрын Павел Дуров Луврдан ұрланған зергерлік бұйымдарды сатып алуға дайын екенін мәлімдеген еді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 10:02