Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Үйдің үстіне үй салып жатыр": Астаналықтар бес жыл күткен саябақтың орнына құрылыс басталғанына наразы

Астанада тұрғындар саябақ
Фото: Сюжет кадрларынан скрин

Астанада тұрғындар күткен саябақтың орнына көпқабатты үйлер салынып жатыр. Бес жылдан бері демалыс орны болады деп үміттенген халық енді терезеден терезеге қарап қалдық деп шағымдануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Астаналықтардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын пәтер сатып алар кезде оларға айнала абаттандырылып, үлкен саябақ салынатыны айтылған. Құрылыс компанияларының жарнамасындағы бұл ақпаратты қаланың бас жоспары да растаған.

“Үйдің үстіне үй салып жатыр! Терезеден қарасақ, көршілердің қалай киініп, шешінетініне дейін көрінеді. Бұл қай сасқанымыз? Біз бұл жерден пәтер сатып алғанда, мұнда саябақ болады деді. Зейнеткерлер үшін бұл өте жақсы еді. Үйде қамалып отырмай, серуендейтін жеріміз болады деп қуандық. Ал қазір сол саябақтың аумағында құрылыс тоқтамай жүр”, – деді Сағира Әмірбекова.

Тұрғындар демалыс орнының жоқтығына ғана емес, үздіксіз жүріп жатқан құрылыс салдарынан жолдың нашарлағанына да шағымданады. Олардың сөзінше, жаңбырлы күндері және маусымаралық уақытта үйлеріне жаяу да, көлікпен де жету қиын.

“Біздің қорқынышымыз неде? Прокуратура мен аудан әкімдігі келгенде, "бәрін тексереміз, заңды ма, жоқ па анықтаймыз" деді. Бірақ бұл үлкен компания болғандықтан, олардың заңгерлері мықты. Соның салдарынан бәрі "заңды" болып шығуы ықтимал. Олар түрлі жолын табуы мүмкін”, – деді тұрғын Бауыржан Өтеулин.

Бұл тұрғын алабында мыңдаған адам тұрады. Тұрғындардың наразылығы жақында аумақта жаңа қоршаулар пайда болғаннан кейін күшейген. Ал құрылыс компаниясы тұрғындар даулы деп отырған нысандар бойынша барлық рұқсат құжаттары бар екенін және жұмыстар жергілікті биліктің келісімімен жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

“Астана қаласы, Сарайшық ауданы, Жұмекен Нәжімеденов көшесі, 9/1 учаскесіндегі нысан бойынша құрылыс қолданыстағы құқық белгілейтін құжаттар негізінде жүргізілуде. Сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаны қабылдау талоны бар. Нысан қазіргі уақытта құрылыс кезеңінде”, – деді Sensata Group компаниялар тобы.

Астана қаласы, Сарайшық ауданы, Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, 14Б учаскесіне келсек, бұл жерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген жоқ. Компания қолданыстағы заңнама аясында орындалған жобалау-іздестіру жұмыстарына қажетті рұқсат құжаттарына ие.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 10:47