Қазақстанда сергек жүргізушілерді полициямен келісіп әрекет етті деп айыптады: Бұл схема қалай жұмыс істейді
Мас күйде болғандықтан көмекке "сергек жүргізуші" қызметін шақырған қазақстандық әйел ойламаған жерде 15 тәулікке қамалып, жүргізуші куәлігінен жеті жылға айырылды. Жақындарының айтуынша келген жүргізуші қызға шлагбаумнан өте алмай тұрғанын айтып, екі метрге көлікті жақындатуын сұрап алдаған. Әдейі жала жапты деген әйелдің оқиғасы әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Мұндай жағдайда не істеу керек? Stan.kz редакциясы мән-жайды анықтап көрді.
Желі қолданушысының айтуынша, құрбысы осындай қиын жағдайға ойламаған жерде тап болған.
“Мұнда адвокаттар бар ма? Кеңестеріңіз өте қажет. Құрбыма қатыгездікпен жала жапты. Ол демалып, алкоголь ішкеннен кейін жауапкершілік танытып, OLX арқылы тіркелген бір компаниядан "сергек жүргізуші" қызметіне тапсырыс берген. Жүргізуші келіп, оған қоңырау шалып шлагбаумның ашылмай тұрғанын айтып, “маған қарай көлігіңізді екі-ақ метр алға жылжытып жібересіз бе?" деп өтінген. Құрбым ештеңеден күмәнданбай көлікке отырып, әлгі екі метрді жүріп өткен сол сәтте бұтаның арасынан жол полициясының қызметкерлері шыға келген” – деп баяндады ол.
Айтуынша мұның бәрі алдын ала жоспарланғандай әсер қалдырған. Тіпті сол орында ақша талап еткен екен.
“Оқиға орнында одан ашық түрде 700 мың теңге талап еткен. Құрбым өз ұстанымынан таймай, ақша беруден бас тартқан. Нәтижесінде оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алып, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырды. Ол қамау мерзімін өтеп шықты. Қазір бостандықта, бірақ психологиялық жағдайы өте ауыр.
Осыған байланысты сұрағым бар. Осындай әдейі ұйымдастырылған жағдайға тап болғандар бар ма? Қазір апелляциялық шағым бергеннің мәні бар ма? Көлік қозғалғаны рас болғандықтан, істі жеңіп шығуға мүмкіндік бар ма? Ең үлкен қорқынышымыз, егер қазір осы істі қазбалап, бопсалау фактісі бойынша шағым жазып, сотқа жүгінсек, жағдайы одан сайын қиындап кетпей ме? Құрбыма қандай да бір көмек пен кеңес керек болып тұр”, – деп өтінді ол.
Желі қолданушылары бұл оқиғаны екі жақты қарастырды. Айтуларынша, бәрібір мас күйде болғандықтан жазадан құтылу мүмкіндігі аз.
“Не үшін 7 жылға куәліктен айырған?”, “Мас болу фактісі бәрібір болғасын жеңу қиын”, “Не істесең де пайда болмайды”, – деп жазды жұртшылық.
“Мұндай жағдайда не істей алады: Заңгер кеңесі”
Stan.kz тілшісі мұндай келеңсіз жағдайда не істеуге болатынын заңгердің өзінен де сұрап білді. Нұрсұлтан Орынбек бұл жағдайда нақты дәлелдердің маңызды екенін алға тартты.
“Бұл жағдайда әйел өзіне жала жабылып, әдейі арандатушылық жасалғанын дәлелдеуі қажет. Алайда оның мас күйде көлік тізгініне отырып, полиция қызметкерлеріне ұсталғаны жоққа шығаруға келмейтін факт. Мұны өзі де мойындап отыр. "Көлікті сәл ғана алға жылжытыңыз" деген сөз заң тұрғысынан тек уәж немесе сылтау ретінде ғана қарастырылады. Заң нақты дәлелдерге сүйенеді. Сондықтан қазіргі жағдай бойынша полиция қызметкерлерінің әрекеті заң аясында жасалған деп бағаланады. Егер шынымен арандатушылық немесе жала жабу болғанын айтса, оны нақты дәлелдермен растауы керек. Мысалы, жүргізушінің "көлікті алға жылжытыңыз" деген сөзі жазылған бейне немесе аудиожазба болуы қажет. Ал "мені алдап соқты" деген сөздің өзі заң алдында дәлел болып саналмайды”, – деп түсіндірді заңгер.
Нұрсұлтан Орынбек бұл жайтта сергек жүргізушіге қарсы әрекет ету қиындау екенін жасырмады.
“Әйелдің өзі алкоголь ішкенін және мас күйінде рөлге отырғанын жоққа шығармай отыр. Әрине, әдейі осындай жағдайға итермелейтін адамдар болуы мүмкін. Бірақ мұны дәлелдейтін нақты айғақтар болмаса, құқықтық тұрғыдан ешқандай шара қабылдау мүмкін емес. Егер арандатушылық фактісі дәлелденсе де, Қазақстан заңнамасында дәл осы әрекет үшін жеке "жала жабу" немесе "арандату" бабы қарастырылмаған. Ал егер полиция қызметкерлері мұны өздері ұйымдастырып, жалған дәлелдер жасап немесе заңсыз әрекеттерге барғаны анықталса, онда олардың іс-әрекетіне басқа қылмыстық баптар бойынша құқықтық баға берілуі мүмкін. Ал бұл жағдайда "сергек жүргізуші" қызметін көрсеткен адамның жауапкершілікке тартылуы екіталай”, – деп қосты ол.
Маман осы тұста ақшаны кімдердің бопсалағаны мен оған дәлел ғана қол ұшын созатынын ашып айтты.
“Ақша бопсалау мәселесіне келсек, ең алдымен 700 мың теңгені нақты кім талап еткені анықталуы тиіс. Егер мұны полиция қызметкері талап еткені дәлелденсе, оның әрекетіне "қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану" немесе өзге де тиісті баптар бойынша құқықтық баға берілуі мүмкін. Ал егер ақшаны жүргізушінің өзі талап еткені дәлелденсе, онда бұл "бопсалау" бабы бойынша қаралады”, – деп қорытты ол.
Қазақстандық қыз бір нанды бөлісіп жеген құрбысын аяусыз пышақтап өлтірген: Қанды қылмысқа не себеп болды
