Тоңазытқыштағы адам басы: Ақтөбелік полицейлер қанды қылмысты қалай ашқанын айтты

Ақтөбе облысының полицейлері Хромтауда тұрғынның тоңазытқышынан адамның басы табылған атышулы қылмыстың қалай ашылғанын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті Хромтау қаласында тұрғынның тоңазытқышынан адамның басы табылған атышулы қылмыстық істің қалай ашылғанын баяндады.
Ведомство мәліметінше, 2024 жылғы 11 қазанда Хромтау тұрғыны полицияға жүгініп, күйеуінің бір аптаға жуық уақыт бойы хабарсыз кеткенін және үйіне оралмағанын хабарлаған.
Оқиға туралы арыз түскен бойда тергеу-жедел тобы құрылып, іздестіру және жедел іс-шаралары басталды. Полицейлер жоғалған азаматтың араласатын ортасын мұқият анықтап, туыстарынан, таныстарынан, көршілерінен және әріптестерінен жауап алған. Сондай-ақ оның болуы мүмкін жерлер тексеріліп, жиналған ақпарат жан-жақты зерделенген.
Жедел іздестіру барысында тәртіп сақшылары жоғалған ер адамның екі танысына шыққан. Олардың тұрғылықты жерін тінту кезінде күдіктілердің аса ауыр қылмысқа қатысы барын дәлелдейтін айғақ заттар табылған. Жиналған бұлтартпас дәлелдердің нәтижесінде күдіктілер жасаған қылмыстарын мойындаған.
Полицияның мәліметінше, тергеу-жедел тобының кәсіби жұмысының арқасында қылмыстың барлық мән-жайы анықталып, жеткілікті дәлелдер жиналған. Қылмыстық іс заңда белгіленген мерзімде сотқа жолданған. 2025 жылдың ақпанында сот үкім шығарып, негізгі айыпталушы кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Екінші сотталушы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталған.
Еске салайық, Ақтөбеде 69 жастағы нефролог дәрігер Абай Айсағалиев 2025 жылғы мамырда өз үйінде өлтірілген. Тергеу мәліметінше, оны әріптесі, 31 жастағы мейіргер Нұрсұлтан Шаймерденов пышақтап, кейін балтамен соққы жасаған. Қылмыстың ізін жасыру үшін марқұмның денесін мұздатқышта бір апта сақтап, оның телефоны арқылы туыстары мен әріптестеріне хабарлама жіберіп, тірі адам сияқты көрсетпек болған. Кейін күдікті ұсталып, сот оны адам өлтіру және ұрлық баптары бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айырды.
Қазақстандағы және шетелдегі оқу ақысы қандай: Үздік 500 университетті салыстырып көрдік
Оқыңыз