Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жыл басынан бері зейнетақы қорының табысы азайып кеткен

зейнетақы қоры
Фото: magnific.com

Жыл басынан бері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы активтері салымшыларға нақты табыс әкелмеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

1 тамыздағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерінің табыстылығы 4,39%.

2026 жылдың жеті айында зейнетақы қорының (БЖЗҚ) инвестициялық кірісі 1,15 триллион теңгеге жетті. Қордың ай сайынғы шолуында 1 тамызға қарай салымшылардың шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің табыстылығы 4,39%-ға дейін өскені айтылған. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 4,21% болған.

Алайда осы кезеңдегі жинақталған инфляция, Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 5,7%-ға жетті. Демек, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы әзірге теріс деңгейде (-1,31%).

Қор деректеріне сәйкес, табыстың төмендеуіне шетел валютасының қайта бағалануы әсер етіп отыр. Шілде айының қорытындысы бойынша теңге долларға шаққанда 1,3%-ға нығайды.

Қор қысқа мерзімдегі табыстылық көрсеткіштері активтерді басқару тиімділігін толық көрсете алмайтынын атап өтті. Өйткені қысқа уақыт ішінде қаржы құралдары бойынша есептелген сыйақы мен басқа да кірістер бағалы қағаздар құны мен валюта бағамдарының ауытқуын әрдайым өтей бермейді.

2025 жылдың тамызынан 2026 жылдың шілдесіне дейін қордағы зейнетақы активтерінен 1,81 триллион теңге инвестициялық табыс тапқан. Сол бір жыл ішіндегі жалпы табыс 7,13% болған.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап Қазақстанда зейнетке шығатын БЖЗҚ салымшылары үшін инфляция айырмасын біржолғы төлеу тоқтатылады. Яғни мемлекет салымшы зейнетке шыққан кезде оның жинақтарының инвестициялық табысы еңбек еткен барлық жылдардағы жинақталған инфляцияны кемінде өтейтініне кепілдік бермейді.

Ал биылғы 7 қыркүйектен бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін жеке басқарушы компанияларға аударуға рұқсат беріледі.

Еске салайық, бұған дейін биыл 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатының 100%-на дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға бере алатынын жазған едік. Бұған дейін бұл мүмкіндік жинақтың тек 50%-ымен шектелген еді. Қазір зейнетақы активтерін басқаруға алты компания рұқсат алған. Салымшылар компанияны өздері таңдап, оның табыстылығы мен инвестициялық стратегиясын салыстыра алады.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 14:18