Зейнетақы жинағын кімге сеніп тапсыруға болады: 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда жаңа ережелер күшіне енеді
Биыл 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) бере алады. Бұған дейін бұл мүмкіндік жинақтың 50%-ымен шектелетін еді. Жаңа тәртіп қалай жұмыс істейді және басқарушы компанияны таңдағанда неге мән берген жөн? Сауалға зейнетақы қоры жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен жиналған қаражатының 50%-на дейінгі бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға тапсыра алады. Ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақтың 100%-на дейін басқарушыға аударуға болады.
7 қыркүйектен бастап бұл талап өзгереді. Салымшы міндетті зейнетақы жинақтарының да 100%-на дейінгі бөлігін ИПБ-ның басқаруына бере алады. Бұл ретте қаражатты басқару құқығы бар компанияны салымшының өзі таңдайды.
Инвестициялық портфельді басқарушы деген не?
Инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) – клиенттердің қаражатын олардың атынан инвестициялайтын лицензиясы бар компания. Демек салымшы зейнетақы жинағын басқаруға берген кезде, компания бұл қаражатты түрлі қаржы құралдарына орналастырып, инвестициялық табыс алуға тырысады.
Әр басқарушының инвестициялық стратегиясы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан бір компания облигацияларға басымдық берсе, екіншісі басқа да қаржы құралдарына инвестициялауы мүмкін.
Жинақты басқарушыға қалай беруге болады?
Алдымен салымшы зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілген басқарушылардың ішінен компания таңдауы керек. Одан кейін Бірыңғай жинақтық зейнетақы қорына белгіленген нысан бойынша өтініш беріледі. Мұны:
- Бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры сайтындағы жеке кабинет арқылы ЭЦҚ көмегімен;
- Бірыңғай жинақтық зейнетақы қорының кез келген бөлімшесіне барып жасауға болады.
Өтініштің мәртебесін Бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильді қосымшадан бақылауға мүмкіндік бар. Өтініштерді қабылдау және оларды өңдеу автоматтандырылған. Ал жинақты инвестициялық портфельді басқарушының басқаруына беру зейнетақы қоры тарапынан заңнамада белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылады.
Қазір қанша инвестициялық портфельді басқарушы бар?
Қазір зейнетақы активтерін басқаратын алты компания бар:
- Alatau City Invest АҚ;
- BCC Invest АҚ;
- Halyk Global Markets АҚ;
- Halyk Finance АҚ;
- “Сентрас Секьюритиз” АҚ;
- Tansar Capital АҚ.
Halyk Global Markets АҚ 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы активтерін басқаруды тоқтататынын мәлімдеді. Сондықтан зейнетақы қоры 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл компаниядан жаңа зейнетақы жинақтарын аудару туралы өтініш қабылдамайды.
Егер компания тізілімнен шығарылса, оның басқаруындағы салымшылардың жинақтары Ұлттық банктің басқаруына қайтарылады.
Басқарушыны қалай таңдаған дұрыс?
Зейнетақы қоры салымшыларға шешім қабылдамас бұрын компаниялардың көрсеткіштері мен инвестициялық стратегияларын мұқият зерттеуге кеңес береді.
Атап айтқанда, мына көрсеткіштерге назар аудару керек:
- инвестициялық кіріске;
- зейнетақы активтерінің көлеміне;
- инвестициялық портфельдің құрылымына;
- компанияның қаржылық көрсеткішіне;
- инвестициялық стратегиясына;
- реттеуші орган қолданған әкімшілік шаралар мен санкцияларға.
Бұл ақпаратты зейнетақы қорының invest.enpf.kz платформасынан көруге болады. Онда инвестициялық портфельді басқарушылардың кірісі, портфель құрылымы және басқа да көрсеткіштері жарияланып отырады. Демек инфестициялық портфельді басқарушыны таңдау – салымшының жеке шешімі. Компанияның бұрынғы кірісі болашақта дәл сондай табысқа кепілдік бермейтінін де ескерген жөн.
Ақшаны басқарушыға берген соң зейнетақы қорында не қалады?
Зейнетақы жинағын инвестициялық портфельді басқарушының басқаруына бергеннің өзінде, оның есебін зейнетақы қоры жүргізе береді. Демек ақшаңызды Ұлттық банк немесе өзіңіз таңдаған портфель басқарушы басқарса да, жинағыңыз қорда есепте тұрады.
Зейнетақы қорының ақпараттық жүйесі салымшының бірнеше портфельдегі зейнетақы жинағын бөлек есепке ала алады. Сонымен қатар қор зейнетақы жинағын басқаратын компаниялармен қажет ақпаратты электрондық форматта алмасып отырады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар зейнетақы жинағын жеке компанияларға толық бере алатыны туралы жазған едік.
36 миллион теңгеге пәтер алған қазақстандық баспанасына кіре алмай қалды: Бұрынғы иесі ақшаны алаяқтарға беріп қойған
