"Маған сиқыр жасалды": Айтуған Ғалымовтың бірінші жары күйеуінің екінші әйел алуына қалай келіскенін айтты
Екі әйел алған блогер Айтуған Ғалымовтың бірінші жары Ильнура Ғалымова күйеуінің екінші рет үйленуіне қалай келіскенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ильнураның сөзінше, тұрмысқа шыққан кезде бір күні күйеуінің екінші әйелі болады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Ол отбасылық өмірін тек күйеуі екеуімен байланыстырып, болашақтарын бірге елестеткенін жеткізді.
“Мен күйеуіме екінші әйел алуға қалай рұқсат бердім? Осы сұрақты өзіме талай рет қойдым. Біз әйелдер, тұрмысқа шыққанда “күйеуімнің жанында тағы бір әйелі болады” деп ешқашан ойламаймыз. Мен де өмірімде үшінші адам пайда болады деп күтпедім. Тек екеуміздің болашағымызды, бақытты сәттерімізді елестеттім. Өкінішке қарай, өмірдің өз тосынсыйы бар екен”, – деді ол.
Ильнура бұл жағдайды қабылдау оңай болмағанын жасырмады. Оның айтуынша, қазір өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірін бастан өткеріп жүр. Соған қарамастан, осы сынақтар өзінің мықты қырларын тануға көмектескенін айтады.
“Кейде өмірде болып жатқан жағдайларды өзгерте алмайсың. Оны қабылдап, ары қарай өмір сүруді үйренесің. Мен де қазір осы кезеңдемін. Мүмкін, бұл өмірімдегі ең ауыр кезең шығар. Бірақ дәл осы сынақтардың арқасында шыңдалып, бойымдағы мықты тұстарымды көрдім”, – деді Ильнура.
Ол бірнеше әйел алғысы келетін ер адамдарға да үндеу жасады. Ильнура мұндай шешім қабылдаған ер адам әйелдеріне бірдей қарауға дайын болуы керек деп санайды.
“Тоқал алдың ба, тең қарау керек. Тең қарай алмайтын болсаңыздар, екінші әйел туралы ойламай-ақ қойыңыздар, жігіттер. Аманатқа қиянат жасаудың қажеті жоқ. Әйел – ең мықты жаратылыс. Алдағы уақытта көп нәрсемен бөлісемін”, – деді ол.
Сондай-ақ Ильнура күйеуі мен оның екінші жарының қарым-қатынасы бірнеше жыл бұрын басталғанын айтты. Оның сөзінше, Айтуған екінші әйелімен үш жыл бойы жүрген, ал өзі бұл туралы олардың қарым-қатынасының екінші жылында білген.
“Біздің отбасы құрғанымызға бес жыл болды. Сол бес жылдың үш жылында олар кездесіп, қыз-жігіт болып сөйлескен, араларында махаббат болған. Мен оны екінші жылында ғана білдім. Алғаш естігенде үйде күнде айғай-шу, ұрыс болатын. Сенім қалмады”, – деді ол.
Ильнура осы жағдайдан кейін отбасында қиын кезең басталғанын, кейін өзіне сиқыр жасалғанын білгенін де мәлімдеді.
Ақырында ол ешкімнің көз жасына қалғысы келмегенін және баланың болашағына зиян келтіруден қорыққанын айтып, күйеуіне екінші рет үйленуге келісім берген.
“Ақырында бәрін тоқтататын шешім қабылдадым. Себебі ешкімнің көз жасына қалғым келмеді, баламның болашағына қастандық жасағым келмеді. Күйеуіме сол қызды екінші әйел етіп алуға рұқсат беріп, бір келісімге келдік. Бірақ бұл шешімді қабылдау маған ауыр тиді. Ол екеуімізге тең қараймын деп уәде берді. Оны алдағы уақытта көре жатармыз”, – деді Ильнура Ғалымова.
Еске салайық, бұған дейін Erkewoka лақап атымен танылған Әсем әлеуметтік желідегі парақшасында сырға салу және ұзату тойынан кадрлар жариялап, тұрмысқа шыққанын хабарлаған еді. Кейін желі қолданушылары оның таңдауы әйелі және үш баласы бар блогер Айтуған Ғалымов екенін анықтап, бұл жаңалық қызу талқыға түсті.
Көп ұзамай Айтуған Ғалымовтың өзі де екінші рет үйленгенін жасырмай, екі отбасы бар екенін ашық мәлімдеді.
“Иә, менің екі отбасым бар. 15 миллион теңге қарызым бар. Аллаға шүкір. Кім не десе де, мен Алламен шыншылмын. Қандай болсаң да, адамға бәрібір жақпайсың”, – деп жазған еді блогер.
Артынша ол екінші жар алу туралы шешімін исламда бұған рұқсат етілгенімен түсіндірді. Ал Айтуғанның бірінші жары Ильнура Ғалымова кейін Әсеммен бірге түскен видеосын парақшасында жариялап, көп ұзамай өшіріп тастаған.
Ал жақында Әсем өзінің жүкті екенін де жариялады.
36 миллион теңгеге пәтер алған қазақстандық баспанасына кіре алмай қалды: Бұрынғы иесі ақшаны алаяқтарға беріп қойған
