Сайлау күні басқа қалада болсаңыз, қалай дауыс беруге болады?
23 тамызда өтетін дауыс беру күні тіркелген жеріңізден тыс жерде болсаңыз, алдын ала есептен шығару куәлігін алып, өзіңіз жүрген елдімекендегі сайлау учаскесінде дауыс бере аласыз. Құжат 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін беріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру күні басқа қалада немесе облыста болатын азаматтарға есептен шығару куәлігін алдын ала алуға болатынын еске салды.
Ол үшін сайлаушы тұрақты тіркелген жеріндегі учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі керек.
Есептен шығару куәлігін сайлаушының өзі немесе оның өкілі сенімхат арқылы ала алады. Бұл ретте сенімхатты нотариус арқылы куәландыру міндетті емес.

Куәлікті алған азамат 23 тамызда өзі жүрген жердегі сайлау учаскесіне барып, дауыс бере алады. Ол учаскелік сайлау комиссиясына есептен шығару куәлігі мен жеке басын куәландыратын құжатын ұсынады.
Осыдан кейін комиссия сайлаушыны сол учаскедегі сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді.
Куәлікті қашанға дейін алуға болады?
Есептен шығару куәлігі 22 тамыз күні сағат 18:00-ге дейін беріледі. Сондықтан сайлау күні басқа өңірде болатынын білетін азаматтар құжатты алдын ала рәсімдеуі қажет.
Тағы бір маңызды жайт – есептен шығару куәлігін жоғалтып алсаңыз, ол қайта қалпына келтірілмейді және екінші данасы берілмейді.
Сондай-ақ бұл мүмкіндік бір елді мекеннің ішінде басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін азаматтарға қолданылмайды. Яғни бір қала немесе елді мекен аумағындағы басқа учаскеге ауысу үшін есептен шығару куәлігі берілмейді.
Н.Сац атындағы театр нысанының қазіргі көрінісі алғашқы эскизге сәйкес келмейді: Жоба нобайы не себепті өзгертілді