Алматы облысында ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен 77 жастағы әйелді қағып, оқиға орнынан кетіп қалған
Алматы облысында ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен 77 жастағы әйелді қағып, оқиға орнынан кетіп қалған. Жәбірленуші алған жарақаттарынан көз жұмды. Көлік жүргізген 26 жастағы ер адам кейін ұсталып, қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция мәліметінше, жол апаты 11 тамыз күні кешкі уақытта Алматы – Шелек – Қорғас – Бәйсейіт тасжолында болған. Алдын ала дерек бойынша, Kia Sorento көлігін басқарған 26 жастағы жүргізуші жолдың белгіленбеген жерінен өтіп бара жатқан 77 жастағы әйелді қағып кеткен.
Әйел алған жарақатынан көз жұмған. Ал жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін полиция оны анықтап, ұстап, қамауға алған.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта көлік жүргізген азамат Алматы облысындағы ХҚКО қызметкері екені және жол апаты кезінде қызметтік көлікті басқарғаны айтылған.
Сондай-ақ жазба авторы облыстық “Азаматтарға арналған үкімет” филиалының басшылығы болған оқиғаны жасыруға тырысты деп мәлімдеген. Оның сөзінше, қызметтік көлік бірнеше күн бойы жасырылған, ал жол апаты туралы ақпарат орталық аппаратқа дер кезінде жеткізілмеген.
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы филиал қызметкері қызметтік көлікпен жол апатына түскенін растады.
Мемлекеттік корпорация оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін қызметтік тексеріс жүргізген. Тексеріс барысында лауазымды тұлғалардың әрекеті, ішкі бақылау деңгейі және қызметтік көліктерді пайдалану тәртібі қаралған.
Нәтижесінде филиал директоры мен оның орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Филиал директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасарына қызметтік көлікті пайдалану барысын тиісті деңгейде бақыламағаны және қызметтік ақпараттың толық әрі шынайы берілуін қамтамасыз етпегені үшін тәртіптік жаза қолданылған.
Ал филиал директоры филиал жұмысын басқару мен бақылау, ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыру, сондай-ақ мекеме мүлкінің сақталуы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Мемлекеттік корпорация жол апатына қатысы бар қызметкердің заң алдындағы жауапкершілігін құқық қорғау және сот органдары анықтайтынын мәлімдеді.
“Жүргізушінің жауапкершілік деңгейі мен сипаты қылмыстық іс пен сот талқылауы аясында қолданыстағы заңнамаға сәйкес анықталады”, – деп мәлімдеді “Азаматтарға арналған үкімет”.
Мемлекеттік корпорация қаза болған әйелдің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Қазақстан өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз ете ала ма?: Ел неге дайын болуы керек