Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

TikTok жеке хабарлама арқылы ақша аудару мүмкіндігін іске қоспақ

TikTok
Фото: harpersbazaar.kz

TikTok қаржы қызметтері нарығына шығу бағытында жаңа функция әзірлеп жатыр. Ол қолданушыларға жеке хабарлама арқылы бір-біріне ақша аударуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңа қаржы функциясының әзірленіп жатқаны қосымшаның жасырын кодынан анықталған. Бұл жаңалық қолданушыларға жеке хат алмасу кезінде бір-біріне тікелей ақша аударуға мүмкіндік береді. Кодтан TikTok Pay жүйесіне қатысты мәліметтер, аударымды бір рет басу арқылы растау және транзакцияға мәтіндік ескертпе қосу функциялары табылған.

Қазір TikTok Pay төлем жүйесі Оңтүстік-Шығыс Азияның Вьетнам, Малайзия және Таиланд сияқты елдерінде ғана қолжетімді. Ол негізінен TikTok Shop интернет-дүкеніндегі сатып алуларды төлеу үшін пайдаланылады.

Бұл функция TikTok-тың қаржы қызметтері нарығына шығуына мүмкіндік береді. Компания осылайша өз платформасында түрлі қызметтерді біріктіретін экожүйе құруды көздеп отыр. Әлеуметтік желі өкілдері бұл функцияның қашан іске қосылатыны туралы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін WeChat пен Meta компаниясына тиесілі WhatsApp платформалары да мессенджерлер мен әлеуметтік желілер ішінде ақша аудару қызметтерін іске қосқан.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар TikTok арқылы Англиядағы жұмысқа орналастырамыз дегендерге алданып қалғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 19 Тамыз, 2026 09:13