Қазақстандық жүргізуші полиция пара алды деп жалған ақпарат беріп, кейін SIM-картасын лақтырып жіберген
Ақмола облысында автобус жүргізушісі полиция қызметкерлері пара алды деп "102" желісіне хабарласқан. Алайда тексеру барысында оның хабарламасы жалған болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері құжаттарын тексеру үшін алдын ала мәлімет бойынша Шымкенттен Астанаға бағыт алған Van Hool маркалы автобусты тоқтатқан.
Тексеру кезінде полицейлер автобустың салоны қайта жабдықталғанын анықтаған. Конструкциясында қарастырылған жолаушыларға арналған орындардың орнына ұйықтайтын орындар орналасқан. Осыған байланысты жүргізушіге көлікті заңсыз қайта жабдықтағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған.
Жүргізуші полицеияның әрекетіне наразы болып, біраз уақыттан кейін "102" желісіне патрульдік полиция қызметкерлері одан 5 мың теңге алғаны туралы хабарлаған. Хабарлама бірден тексерілді. Полиция автобустың орналасқан жерін анықтап, мән-жайды анықтау үшін оны тоқтатқан.
Жүргізуші бастапқыда полицияға өзі хабарласқанын жоққа шығарды. Тіпті, қоңырау шалған SIM-картаны лақтырып үлгерген.

Кейін ер адам өзіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылғанына наразы болғандықтан қоңырау шалғанын мойындады. Оның айтуынша, сол сәтте ашуға беріліп, ойланбастан әрекет жасаған.
Жүргізушіге арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Шымкенттегі алып қашу оқиғасы: Жігіттің туыстары оқиғаның мән-жайын айтып берді, ал қыз оны жоққа шығарып отыр