Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық Higgsfield стартапы 5,4 миллиард долларға бағаланды

Higgsfield

Фото: tribune.kz

Higgsfield жасанды интеллект сервисі жаңа инвестициялық раунд аясында 400 млн доллар тартып, компанияның бағасы 5,4 миллиард долларға жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Financial Times басылымының мәлімдеуінше, инвесторлар қатарында DST Global, Goldman Sachs, Liberty Global, Intel және басқа да компаниялар бар.

Айта кетейік, тартылған инвестициялар стартапқа корпоративтік өнімдерге, қауіпсіздікке және есептеу қуаттарына қаржы салуға мүмкіндік береді. Соңғы уақытта сервис корпоративтік клиенттерге қызмет көрсетуге қайта бағдарланған.

Higgsfield AI – визуалды контент жасауға арналған генеративті жасанды интеллект құралдарын әзірлейтін қазақстандық стартап. Компанияны қазақстандық инженер әрі жасанды интеллект саласындағы зерттеуші Ерзат Дулат және бұған дейін Snap компаниясында Generative AI бағытын басқарған, сондай-ақ Snap 166 млн долларға сатып алған AI Factory компаниясының негізін қалаушылардың бірі Алекс Машрабов құрған.

2025 жылдың қыркүйегінде Higgsfield AI "бірмүйіз" мәртебесіне ие болған алғашқы қазақстандық стартап атанды. Компания құрылғанына екі жыл толмай жатып, оның бағасы 1 миллиард доллардан асты. Ал 2026 жылдың қаңтарында компанияның мәліметінше, стартаптың құны 1,3 миллиард долларға жетті.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 19 Тамыз, 2026 08:35