Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам қолына бұрауыш тығып алып, көз жұмды: Туыстары дәрігерлердің салғырттығына шағымданды

 
ауруханада көз жұмған адам
Фото: magnific.com

Ақтөбеде ауыр жарақатпен ауруханаға барған ер адам кейін қайтыс болды. Туыстарының айтуынша, дәрігерлер науқастың жағдайына дұрыс қарамай, үйіне жібере салған. Арада көп уақыт өтпей, жағдайы күрт нашарлап, ақыры ота мен реанимацияға қарамастан көз жұмған. Енді марқұмның жақындары "дәрігерлердің салғырттығы өлімге себеп болды" деп отыр. Stan.kz жағдайдың анық-қанығын білу үшін облыстық білім басқармасына хабарласты.

Әлімнің айтуынша, оның туысы алақанына бұрауыш кіріп, ауыр жарақат алғаннан кейін Ақтөбе медициналық орталығына жүгінген. 

"Туысымыз қолының алақанына бұрауыш (отвертка)  кіріп кетіп, қатты жарақат алады. Сол жарақатпен ол Ақтөбе медициналық орталығына жүгінді. Кейін ол жерде өзін "дәрігерлер" мен медбикелердің салғырт әрі жауапсыз қарым-қатынасына тап болды, тіпті олармен сөзге де келіп қалған. Науқас ауруханаға қолы ісіп, қатты ауырып барған. Сол жерде оның жарасынан ірің сорып алған. Осындай жағдайда жүрген адам дәрігерлердің бақылауында болуы керек еді. Оның үстіне қант диабеті болған, ал мұндай ауыр жарақат сепсиске әкелуі мүмкін екені белгілі. Соған қарамастан, оны үйіне жіберіп қойған. Сонымен қатар оған жамбасына екі екпе салған", – дейді Әлім.
әлім
Фото: threads.com желісінен скрин

Жігіттің айтуынша, туыс ағасы үйіне барғаннан кейін ер адам жан төзгісіз ауырсынудан қатты қиналып, түні бойы ыңырсып шыққан. Сол түні аяғы мен арқасы кеудесіне дейін ісіп кеткен екен.

"Кейін ол шұғыл түрде Жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді. Сол жерде оған операция жасалып, аяғын тізесіне дейін тіліп ашқан. Осы кезде бұлшық еттері мен тамырлары қарайып кеткені анықталған, себебі қант диабеті ауыр асқыну берген. Бұған қоса, жағдайдың нашарлауына Ақтөбе медициналық орталығына салынған екі дәрінің де әсері болған. Олар оған сәйкес келмей, денсаулығы күрт нашарлаған. Науқасты операция үстеліне жатқызар алдында келісімін сұрағанда, ол "Иә, мен өмір сүргім келеді" деп жауап берген. Алайда ота толық аяқталмаған. Кейін оны жасанды тыныс алу аппаратына қосып, бақылауға алған. Біраз уақыттан соң науқас көз жұмды", – дейді Әлім.

Туысының айтуынша, бұл дәрігердің қорытындысы емес, мәйітті ашқаннан кейін жасалған сот-медициналық сараптаманың қорытындысы. Оның сөзінше, өлім себебіне қатысты қорытындыда дәрігерлік қате көрсетілген.

"Осындай диагнозы бар адамды үйіне жіберуге кімнің батылы жетті? Салынған дәрінің ағзаға қалай әсер еткенін тексермей, науқасты бақылаусыз қалдыруға қалай болады? Ақтөбе медициналық орталығы, сіздерде не болып жатыр? Медицина саласына қатысы болмауға тиіс адамдарды жұмысқа алып, адам тағдырымен ойнап жүрген жоқсыздар ма? Өйткені мұндай салғырттықтың кесірінен аман алып қалуға болатын адамдар өмірден озып жатыр. Тағы бір маңызды жайт, Ақтөбе облыстық Сот сараптамалары институты берген өлім туралы құжаттың өзінде қате кеткен. Құжатта марқұмның нақты қайтыс болған күнінен бір күн кейін көз жұмғаны көрсетілген. Міне, шындықты осылай бұрмалайды. Ал жақынынан айырылған адам қайғыдан қан жұтып отырғанда, әділдік іздеуге де, күресуге де күші қалмайды", – деп шағымданды марқұмның туысы. 

Дәрігерлердің нұсқасы қандай?

Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері Қадырбек Сағынбекұлының айтуынша, қайтыс болған ер адам шамамен 40 жаста болған.

"Науқасқа ауруханаға түскеннен кейін барлық қажетті ем-шара жүргізілді. Ол жергілікті тұрғын емес екені айтылды. Өзінің айтуынша, жарақат алғаннан кейін екі күн бойы өз бетінше ем жүргізіп жүрген. Сол уақыт ішінде жағдайы асқынып кеткен. Сондықтан ауруханаға түскен кезде оның жағдайы өте ауыр болды", – деді Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері Қадырбек Сағынбекұлы.

Қайғылы жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық денсаулық басқармасы науқастың қайтыс болғанын растады. Басқарманың мәліметінше, биыл 15 тамызда сағат 05:01-де медициналық мекемеге оң жақ бөксе аймағындағы инфекциялық-қабыну үдерісі, айқын интоксикация және бірнеше ағза қызметінің бұзылуы байқалған, жағдайы ауыр науқас шұғыл түрде жеткізілген. 

"Науқас ауруханаға жатқызылғанға дейін екі тәулік бұрын тұрмыстық жағдайда алған қол жарақатына байланысты медициналық көмекке жүгінген. Қолда бар медициналық құжаттарға сәйкес, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген. Алайда кейін науқастың жағдайы нашарлаған. Медициналық көмектің бастапқы кезеңде көрсетілу жағдайлары да комиссия тарапынан қаралатын болады. Ауруханаға түскен кезде науқастың жағдайы ауыр деп бағаланды. Айқын интоксикация, қатты ауырсыну синдромы, артериялық қысымның төмендеуіне бейімділік және зәр шығарудың бұзылуы байқалған. Сонымен қатар науқаста қант диабеті, қандағы глюкоза деңгейінің жоғары болуы және зат алмасудың айқын бұзылыстары болған", – деп жауап берді денсаулық басқармасы.

Науқас шұғыл түрде қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған. Қажетті тексерулер жүргізіліп, қарқынды дәрі-дәрмектік және инфузиялық терапия жасалды, зат алмасу бұзылыстары түзетіліп, өмірлік маңызды көрсеткіштеріне тұрақты мониторинг жүргізілген дейді денсаулық басқармасы. Медициналық көмек беруге бейінді мамандар да тартылған көрінеді.

"Қабыну үдерісінің үдеуіне және науқастың жағдайының ауырлығына байланысты шұғыл операциялық араласу жүргізілді. Зақымданған тіндер ашылып, тазартылды, оң жақ бөксе, бел аймағы және оң аяқтың зақымданған бөліктеріне кең көлемде тіліктер жасалып, дренаж қойылды. Жүргізілген операциялық емге, қарқынды терапияға және реанимациялық шараларға қарамастан, науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды. 2026 жылғы 15 тамызда биологиялық өлім фактісі тіркелді", – деп пікір білдірді басқарма.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы осы жағдайдың барлық мән-жайын егжей-тегжейлі қарау және медициналық көмектің барлық кезеңдерінде, соның ішінде науқастың медициналық көмекке алғаш жүгінген кезінде көрсетілген көмектің уақтылығы мен сапасын бағалау үшін комиссия құрған.

"Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерінің әрекеттеріне объективті баға берілетін болады. Медициналық көмек көрсету барысында қандай да бір заң бұзушылықтар немесе кемшіліктер анықталған жағдайда, тиісті материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен шешім қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолданады" делінген басқарма жауабында.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 18:48