Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатынан зардап шеккен адамның туыстарымен бірге видео жариялады

экс-депутат
Фото: Видеодан скрин

Адам қағып кетті деп айыпталған Бақытжан Базарбек пен жәбірленушінің жақындары мәлімдеме жасады. Зардап шегушінің отбасы экс-депутат барын салып көмектесіп жүргенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жәбірленуші Нұржігіттің туыстары халықты қолдау көрсетіп, дұғада болуға шақырды.

“Қазір бауырымның жағдайы қанағаттанарлық. Оған көмек көрсетіп жатқан ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз. Құрметті халқым, бауырымыз үшін дұғада болыңыздар”, – деді жәбірленушінің туысы.

Ал экс-депутат Бақытжан Базарбек ауруханада жатқан Нұржігіттің жағдайы қанағаттанарлық екенін айтты. Қазір оған қажет медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлер консилиум өткізіп жатыр екен. 

“Дәрігерлер мен сарапшылар келіп, Нұржігіт бауырымызға көмегін көрсетіп жатыр. Реаниматологтар, травматологтар келді. Дәрі-дәрмектері үзілмей беріліп, Денсаулық сақтау министрлігі де менімен байланыста. Консилиумдар өтіп жатыр. Динамикасында кішкене оң өзгерістер бар”, – деді Бақытжан Базарбек.

Экс-депутат Нұржігіттің жақындары оның жағдайын жіті бақылап отырғанын айтты. Ол көпшіліктен алып-қашпа ақпаратқа сенбей, науқастың сауығып кетуін тілеуді сұрады. 

“Бәріміз де Нұржігіттің аяққа тұрып, отбасына оралуын тілеп отырмыз. Алла қаласа, Нұржігіт аяққа тұрып кетеді деп сенеміз. Дұғада болайық”, – деді ол.

Бақытжан Базарбек Нұржігіт ауруханадан шыққан соң оны оңалту және емдеу мәселесіне де жеке көмектесуге ниетті екенін айтты.

Еске салайық, БАҚ беттерінде бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек адам қағып кетті деп айыпталғаны туралы жазылды. Бақытжан Базарбекке дейін де осы жол учаскесінде жол апаты болып, мал қағылған. Апат салдарынан малдың өлексесі жолда қалған. Бір ер адам оны алып тастау үшін жолға шыққан кезде Бақытжан Базарбек жүргізіп келе жатқан Toyota көлігімен оны қағып кеткен .

Зардап шегуші ауруханаға жеткізілді, қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 17:06