Адам қақты деп айыпталған Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты пікір білдірді
Экс-депутат Бақытжан Базарбек БАҚ беттерінде “адам қағып кетті” деген айыптаулапрдан соң мәлімдеме жасады. Ол желідегі парақшасында зардап шеккен азаматтың сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырғанын жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бақытжан Базарбек болған жағдайды толық айтып бере алмайтынын, өйткені ергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат жазғанын айтты.
“Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізіледі. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін”, – делінген жазбада.
Сондай-ақ ол қазір бастысы – зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету екенін атап өтті.
“Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз. Көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың барлық дәрігерлеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін”, – деп жазды экс-депутат.
Ол желіде алып-қашпа әңгімелер тарағандықтан, асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырды.
Еске салайық, БАҚ беттерінде бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек адам қағып кетті деп айыпталғаны туралы жазылды. Бақытжан Базарбекке дейін де осы жол учаскесінде жол апаты болып, мал қағылған. Апат салдарынан малдың өлексесі жолда қалған. Бір ер адам оны алып тастау үшін жолға шыққан кезде Бақытжан Базарбек жүргізіп келе жатқан Toyota көлігімен оны қағып кеткен .
Зардап шегуші ауруханаға жеткізілді, қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.
