Миллиардтаған қаржы жұмсалған Н.Сац атындағы театрдың эскиз жобасы бастапқы үлгісінен өзгертіп жіберген

2025 жылдың көктемінде 1980 жылы салынған Наталия Сац атындағы жасөспірімдер театры күрделі жөндеуге жабылды. Алматы әкімдігі 80 жылдық жылдық тарихы бар театр ғимараты мен жанындағы нысандардың нобайын жариялаған еді. Алайда 2026 жылдың қаңтарында Алматы қаласының Құрылыс басқармасы Наталия Сац атындағы театрға жапсарлас салынатын нысанның қасбет жобасын өзгерткені белгілі болды. Басқарма Stan.kz редакциясына алғашқы нобайдың не себепті өзгергенін түсіндірді.
“Алғашқы нобай халықаралық концептуалды жобаға ұқсас”
Құрылыс басқармасының мәліметінше, театрға жапсарлас салынған құрылыстың әу бастағы нобайы басқа нысанға ұқсас болған.
“Өзгертуімізге инновациялық параметрлік архитектура саласындағы халықаралық концептуалды жобаға ұқсастығы анықталғаны себеп болды. Жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін Құрылыс басқармасы қасбеттің архитектуралық шешімін қайта қарау туралы бастама көтерді. Бұған бастапқы концепцияның халықаралық деңгейде танымал архитектуралық жобалардың бірімен визуалды ұқсастығы анықталы. Ықтимал құқықтық және беделдік тәуекелдерді болдырмау үшін қасбетті өзгерту туралы шешім қабылданды”, – деп түсіндірді ведомство.
Десе де, ғимараттың негізгі құрылымы мен ішкі жоспарына ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Тек оның сыртқы көрінісі, яғни қасбеті өзгертілді. Бұл өзгерістер ғимараттың қауіпсіздігіне, қызметіне және негізгі техникалық көрсеткіштеріне әсер етпейтіндіктен, әкімдік жобаны мемлекеттік сараптамадан қайта өткізудің қажеті болмағанын жеткізді.
Бастапқы қасбет жобасы ресми түрде қайта түзетілген. Сондықтан әкімдік қазіргі нысан бекітілген жобалық құжаттарға сәйкес салынып жатыр деп түсіндіреді. Жаңа ғимарат әуел бастан заманауи стильде жобаланған. Онда постмодернизм және параметрлік архитектура элементтері қолданылған.
“Ғимарат жер телімінің ішкі жағында орналасады. Осылайша, қолданыстағы Наталия Сац атындағы театрдың негізгі ғимаратын алдыңғы қатарға шығарып, оның тарихи келбетін сақтап қалу көзделген”, – деп мәлімдеді Құрылыс басқармасы.
“Қасбет өзгергенімен жобаның жалпы құны өспеді”
Айта кетерлік жағдай, 2025 жылдың басында Н. Сац атындағы театрға жөндеу жұмыстары жасалады дегенде оған 21,7 миллиард теңге бөлінген еді. Алайда сол жылдың шілде айында бұл сома 2,2 миллиард теңгеге дейін өсті. Кейін жөндеу жұмыстарына 23,9 миллиард теңге жұмсалатыны белгілі болды. Бірақ театрға жапсарлас салынған нысанның қасбеті өзгергенімен, жобаның жалпы құнына бұл өзгеріс әсер етпеді.
“Жобаның мақсаты қолданыстағы театр ғимаратын қайталау болған жоқ. Жаңа нысанның өзіндік заманауи келбеті бар және ол қазіргі театр ғимаратымен бәсекеге түспейді. Осылайша, бір кеңістікте екі түрлі архитектуралық кезең – қолданыстағы театр ғимараты мен жаңа заманауи нысан үйлесім табады. Бұл театр дәстүрлерінің сабақтастығы мен оның дамуын көрсетеді. Жалпы, қасбеттің өзгеруі ғимараттың құрылымына, функционалдығына және қауіпсіздігіне өзгеріс әкелген жоқ”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Осы тұста Құрылыс басқармасының өкілі Ерден Тұрысбеков жөндеу жұмыстарын орындаушы BI Group компаниясының қасбеттің өзгеруіне еш қатысы жоқ.
“Сыртқы келбеті жағынан кеңсе немесе бизнес орталықты еске түсіреді”
Театрға жапсарлас құрылыстың қасбетінінің өзгеруіне қатысты урбанист Митя Байназаровтың айтуынша, нысанның өзгертілген нобайы кеңсе немесе бизнес орталықты еске салады.
“Алғашқы визуализация мен құрылыстың қазіргі нәтижесін салыстырсақ, бұл іс жүзінде бір-бірінен мүлде бөлек екі архитектуралық шешім. Эскизде жаңа құрылыс жеңіл, мөлдір дерлік әрі бейтараптық ұстап тұрғандай еді. Ол қолданыстағы театр ғимаратымен “бәсекелеспей”, оны ансамбльдің басты нысаны ретінде скөрсетіп тұратын. Ал қазір театр жанында көзге бірден түсетін көлемді көк шыны ғимарат пайда болды. Ол сыртқы келбеті жағынан кеңсе немесе бизнес орталықты еске түсіреді. Осы тұста сұрақ туындайды: архитектуралық шешім қай кезеңде және не себепті соншалықты қатты өзгерді? Өйткені маңызды мәдени нысанды реконструкциялау кезінде ғимараттың түсі мен қасбетінің сипатын жай ғана техникалық ұсақ-түйек деп қарауға болмайды. Бұл — алдағы 30-50 жыл бойы шаһарға көрініс беретін қалалық ортаның бір бөлігі”, – дейді Митя Байназаров.

Урбанистің айтуынша, құрылыс салушы 28 концепция әзірлеген, ал соңғы нұсқа жабық түрде бекітілген. Ол қабылданған нұсқаның бірнеше адамдар арасында емес, көпшілікпен бірге талқылануы керек еді деп санайды.
“28 нұсқаның әзірленгені өз алдына жақсы. Бірақ осы 28 нұсқаның барлығын кабинетте отырған бірнеше адам ғана көреді, мәселе сонда. Мұндай нысанға қатысты мен "құрылыс тапсырыс берушісі" мен "архитектура тапсырыс берушісі" ұғымдарды бөліп қарастырар едім. Ресми түрде тапсырыс беруші белгілі бір ведомство болуы мүмкін. Бірақ іс жүзінде мұндай нысанның архитектуралық келбетіне тапсырыс беруші – қала. Сондықтан бұл жерде ашық архитектуралық конкурс өткізу немесе кем дегенде бірнеше соңғы нұсқаны көпшілік алдында талқылау орынды болар еді. Оған сәулетшілер, урбанистер, кәсіби қауымдастық өкілдері, театр ұжымы, қоғамдық кеңес және қала тұрғындары қатысуы керек. Әрине, адамдарға интернетте қасбеттің түсіне дауыс беру мүмкіндігін беру міндетті емес. Архитектура "лайк жинайтын" конкурсқа айналмауы керек. Бірақ қоғам мынаны түсінуі тиіс: мынау – ұсынылған нұсқалар, мынау – бағалау критерийлері, сарапшылар, жеңімпаз концепция және оның не себепті таңдалғаны көрсетілуі керек”, – дейді маман.
Ол мұны қалалық шешімдерді қабылдаудағы ашықтық деп атады.
“Қала тұрғындары нобайды уәде ретінде қабылдайды”
Урбанистің айтуынша, қоғамдық маңызы бар нысанның архитектуралық келбеті құрылыс барысында қайтадан кәсіби сараптамадан өтпей-ақ елеулі түрде өзгеруі мүмкін екені анықталса, онда мәселе бір ғана театрға қатысты емес, әлдеқайда ауқымды деген сөз.
“Бұл қалада жүйелі осалдық барын көрсетеді: біз әдемі эскизді ұзақ талқылап, келісіп, оны қоғамға көрсете аламыз, ал кейін құрылыс алаңында мүлде басқа архитектуралық нысан пайда болуы мүмкін. Сонда қарапайым сұрақ туындайды: біз нақты нені бекітеміз – жобаны ма, әлде жай ғана ниетті ме”, – дейді Митя Байназаров.
Ол осылай аяқ асты қабылданған шешімдер мен өзгерістер қоғамның билікке деген сенімін жоғалтатынын ескертті. Өйткені қала тұрғындарына нобай визуализация көрсетілген кезде олар оны белгілі бір мағынада уәде ретінде қабылдайды.
“Әрине, жұмыс жобасына өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Конструкция, инженерлік жүйелер, материалдар өзгеруі ықтимал. Бірақ техникалық түзету мен ғимараттың архитектуралық келбетін өзгертудің арасында айырмашылық бар. Егер біз жеңіл, ақ немесе мөлдір қасбетке келісіп, соңында үлкен көк шыны ғимарат салынса, бұл "рендердегі түстің реңкі сәл өзгеше болып шықты" дегенге келмейді. Бұл – бүкіл кешеннің қабылдануына әсер ететін өзгеріс. Сондықтан қасбетке елеулі өзгеріс енгізілсе, яғни жоба қайта келісілді деген сөз”, – дейді урбанист.
Маман осы жағдайдан кейін жобаларды келісуге қатысты өзінің ұсыныстарын айтты.
“Мен өте қарапайым жүйе ұсынар едім. Біріншіден, қаланың маңызды қоғамдық нысандары үшін міндетті түрде архитектуралық конкурс өткізу немесе тәуелсіз архитектуралық кеңес құру қажет. Екіншіден, бекітілген архитектуралық концепция презентацияға арналған әдемі сурет болып қана қалмай, мердігер орындауға міндетті талаптардың бір бөлігіне айналуы керек. Яғни, онда қолданылатын материалдар, түсі, қасбеттің пішіні мен негізгі пропорциялары нақты көрсетілуі тиіс. Үшіншіден, қасбетке елеулі өзгеріс енгізу бастапқы концепцияны бекіткен органның қайта келісуінен кейін ғана жүзеге асуы қажет. Төртіншіден, ірі қалалық жобалар үшін ашық цифрлық карточка қажет. Онда қандай жоба бекітілгені, нысанның қандай болуы керектігі, авторы, тапсырыс берушісі, мердігері және құрылыс барысында қандай өзгерістер енгізілгені көрсетілуі тиіс”, – деп ұсыныс тастады Митя Байназаров.
Сондай-ақ ол ерекше маңызы бар нысандар үшін құрылыс барысын тәуелсіз архитектуралық бақылаудан өткізуді енгізгісі келетінін жеткізді. Сонда "рендерде бір нұсқа болды, ал іс жүзінде мүлде басқа ғимарат салынды" деген жағдайға жол беру әлдеқайда қиын болады дейді урбанист.
Бастапқыда театрды 2025 жылдың қарашасында, 80 жылдығына орай аяқтау жоспарланған еді, ал жапсарлас ғимаратты – 2026 жылдың жазында пайдалануға беру көзделген. Соңғы мәлімет бойынша, театр осы күзде барлық көрермендер үшін есігін ашады.
Миллиардтаған қаржы жұмсалған Н.Сац атындағы театрдың эскиз жобасы бастапқы үлгісінен өзгертіп жіберген