Құрылтай сайлауына арналған бюллетень қандай болады: Орталық сайлау комиссиясы үлгіні көрсетті

Орталық сайлау комиссиясы бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған дауыс беру бюллетені қандай болатынын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сайлау комиссиясы мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, бюллетеннің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіні мен үлгісі дайын тұр.
“Бюллетень А4 форматында, екі жақты болып әзірленді. Түсі – көгілдір. Алдыңғы бетінде Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасы мен бюллетеннің атауы орналасады. Артқы бетінде 23 шілдеде өткен жеребе қорытындысы бойынша белгіленген ретпен саяси партиялардың атауы және “Барлығына қарсымын” деген сөйлем беріледі. Оған қоса бюллетендерді қорғаудың полиграфиялық тәсілдерін, офсеттік баспа әдісін, түсі мен қаріпін және басқа да қорғаныс элементтерін қолдану ұсынылды”, – деді ОСК мүшесі.

Дауыс берушілер өз таңдаған нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгі қоюы тиіс. Бюллетеньде сайлауға жіберілген жеті саяси партияның атауы және “Барлығына қарсымын” деген баған көрсетілген.
Партиялардың бюллетеньдегі реті 23 шілдеде өткен жеребе арқылы анықталды. Сол күні Орталық сайлау комиссиясы жеребе өткізіп, партиялардың бюллетеньде орналасу ретін анықтады. 3 тамыздағы жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілген.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай сайлауына қатысуға жеті партиядан 545 кандидат тіркелгені туралы жазған едік.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін
Оқыңыз