Ақмола облысында қате диагноз қойылып, дәрігерлер жүкті әйелдің жатыр түтігі алып тастаған
Ақмола облысының Атбасар қаласында әйелге "жатырдан тыс жүктілік" деген диагноз қойылып, операция кезінде оң жақ жатыр түтігі алынған. Кейін оның жүктілігі жатырда болғаны анықталғанын айтқан Данеля Қайратқызы медициналық көмек көрсету кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді. Осыған байланысты Stan.kz облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдап, аурухананың ұстанымын білді.
Ақмола облысының Атбасар қаласының тұрғыны Данеля Қайратқызы 2026 жылдың қаңтарында жүкті екенін білген. Ол Атбасардағы "Биомед" жеке медициналық ұйымына жүгініп, УДЗ-ден өткен. Медициналық мекеме мамандары оған жүктіліктің мерзімі 5 апта 6 күн екенін және оның жатырдан тыс орналасқанын айтқан. Осы қорытындымен әйелді шұғыл түрде Атбасар ауданаралық көпсалалы ауруханасына жіберген.
"Маған қайтадан УДЗ жасалмады, жүктілікті анықтайтын қан талдауы (ХГЧ-ға) алынбады, дәрігерлер консилиумы өткізілмеді. Жалпы айтқанда, жекеменшік клиниканың қорытындысына сүйеніп, мені келесі күні операцияға жатқызды. Операция кезінде менің оң жақ жатыр түтігімді, ағзамды, алып тастады. Ең қорқыныштысы, операциядан шамамен бір ай өткен соң белгілі болды. Жүктілік шын мәнінде жатырда болған және ол жалғасып жатқан. Яғни менің ағзам негізсіз алып тасталған, ал "жатырдан тыс жүктілік" диагнозы қате болған", – дейді Данеля.
Данеля Қайратқызы кейін 2019 жылғы №56 клиникалық хаттамаға сәйкес, оның жағдайында қажетті зерттеулер жүргізілуге тиіс болғанын білген. Алайда оның айтуынша, осы зерттеулердің ешқайсысы жүргізілмеген. Данеляда медициналық көмек көрсету кезінде анықталған заңбұзушылықтарды растайтын құжаттар мен қорытындылар бар. Осы жағдайдан кейін әйел Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасына жүгінген.
Данеляның сөзінше, басқарма өкілдері жағдайды анықтайтындарын айтып, бір аптадан кейін келуін сұраған. Бір аптадан соң барған кезде, тексеру әлі жүргізіліп жатқанын және келесі аптада өздері хабарласатынын айтқан. Алайда оған ешкім хабарласпаған. Кейін де нақты ақпарат ала алмаған. Осыдан кейін ол Ақмола облысының фармацевтикалық бақылау департаментіне жүгінген. Онда тәуелсіз сараптамалық комиссия тексеру жүргізіп, оған медициналық көмек көрсету кезінде заңбұзушылықтар болғанын анықтаған.
"Барлық тиісті қорытынды мен құжаттар менде бар. Сонымен қатар Атбасар ауданының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Шамамен екі ай бойы жауап алу жүргізіліп, құжаттар жиналды. Кейін 2026 жылғы 16 мамырда барлық материал облыстық сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сараптама жүргізіліп жатқан кезде тергеу уақытша тоқтатылды. Тергеушіден сараптаманың қанша уақытқа созылатынын сұрағанымда, шамамен бір жарым-екі ай қажет екенін айтты. Қазір сараптаманың басталғанына үшінші ай болып кетті. Істің барысын бірнеше рет сұрадым. Маған тәуелсіз сараптамалық комиссия өз қорытындысын беріп қойғанын, енді облыстық комиссияның қорытындысын күту қажет екенін айтты. Бірақ маған іс мүлде тоқтап қалғандай көрінеді", – дейді Данеля Қайратқызы.
Аурухана операцияға не себеп болғанын түсіндірді
Атбасар ауданаралық көпсалалы ауруханасы Данеля Қайратқызының оқиғасына қатысты редакция сауалына жауап берді.
"2026 жылғы 20 қаңтарда пациент қабылдау бөліміне 19 қаңтардағы кіші жамбас ағзаларының УДЗ нәтижесімен жүгінді. Қорытындыда оң жақты 5 апта 6 күндік дамымай қалған жатырдан тыс жүктіліктің эхобелгілері анықталғаны көрсетілген. Пациент акушер-гинекологтың тексеруінен кейін шұғыл түрде гинекология бөліміне жатқызылды", – деп жауап берді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Басқарма мәліметінше, қажетті клиникалық-лабораториялық тексерулер жүргізілген. Жатыр түтігінің жарылуы, ішкі қан кету және геморрагиялық шок қаупі жоғары болғандықтан, шұғыл операция жасау туралы шешім қабылданған.
"Операция барысында оң жақ жатыр түтігінің гиперемияланғаны және қалыңдығы 2 сантиметрге дейін ұлғайғаны анықталды. Осы өзгерістерге байланысты оң жақ тубэктомия (жатыр түтігін алып тастау) жасалды. Алынған материал гистологиялық зерттеуге жіберілді", – деп хабарлады медициналық ұйым.
Сонымен қатар аурухана өкілдері Данеля Қайратқызының денсаулық сақтау басқармасына ресми түрде жүгінбегенін атап өтті. Алайда басқарма осы іс бойынша “кімдер жауапқа тартылды?” деген сұрағымызға жауап бермеді.
Н.Сац атындағы театр нысанының қазіргі көрінісі алғашқы эскизге сәйкес келмейді: Жоба нобайы не себепті өзгертілді