Астаналық салон қызметкері массаж кезінде әйелдің аяғын сындырған
Астанада қызынан сыйлыққа салонға сертификат алған әйел салон қызметкері массаж кезінде аяғын сындырғанын айтты. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті салоннан құқық бұзушылықтар анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астаналық әйелге қызы SPA-ға сертификат сыйлаған. Массаж кезінде оң аяғынан қытырлаған дыбыс естілген. Содан ол массажды жалғастырмай, үйіне қайтып кеткен. Үйіне өз аяғымен өзі барған. Бірақ түнде аяғы шыдатпай ауырып, ісіп кеткен. Таңертең ол №2 қалалық аурухананың травматология бөліміне барғанда аяғының сынып кеткенін білген. Медициналық құжаттарда науқастың жарақаттың массаж кезінде алғаны көрсетілген.
Жәбірленушінің өкілі Меруерт Өтегенова әйелдің мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын атап өтті.
“Сөйтіп біз Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне тексеру жүргізуді сұрап жүгіндік. Бастапқыда олар тексеру жүргізгісі келмеді. Кейін Астана қаласының прокуратурасына, одан Нұра ауданының прокуратурасына бардық. Осыдан кейін тексеретін болып шешті. Тексеру барысында салонның медициналық лицензиясы жоқ екені анықталды”, – дейді Меруерт Өтегенова.
Тексеру нәтижесінде салон қызметінде белгілі бір заң бұзушылықтар анықталып, тексеру актісі мен нұсқама шығарылған. Ал массаж салонының иесі бұл шешімдермен келіспей, департаментті сотқа берген.
Жәбірленушінің өкілі жеке кәсіпкерліктің директоры да құрылтайшысы да бір адам екенін айтады. Сондай-ақ ол салонның атын өзгертуді сұрады.
“Бір мекенжайда екі субъектінің "S" ЖК және "ХХХ Медицина" ЖШС жұмыс істейді. "ХХХ Медицина" медициналық қызмет көрсетуге, оның ішінде массаж қызметін көрсетуге лицензия алған. Ал "S" ЖК-де мұндай медициналық лицензиясы жоқ. Сонымен қатар екі ұйымның да құрылтайшысы бір адам. Салон құрылтайшысының айтуынша, ЖК мен ЖШС-нің арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім бар және ақшаны ЖК қабылдайды. Ал салондағы процедураны ЖШС жүргізеді. Олар алғашқы әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаулыға шағымданған. Айтуларынша, салон медициналық қызмет көрсетпейтідіктен, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің салонды тексеруге құқығы болмаған деп отыр. Сот олардың талабын қанағаттандырған. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің актісі күшін жойып, оны кінәсіз деп таныған. Мен апелляциялық шағым жолдадым”, – дейді жәбірленушінің өкілі.
Осылайша, бірінші сот "S" ЖК-ке қатысты әкімшілік іс бойынша Департаменттің айыппұл салу туралы қаулысын жойып, істі тоқтатқан.
Мұндағы мәселе клиентке жасалған массаждың медициналық қызмет болған-болмағанында. Сот апелляциялық шағымды қарау барысында массажды "ХХХ Медицина" ЖШС қызметкерлері жасағанын анықтағанын көрсеткен. Бірақ клиент "Пробуждение" бағдарламасы үшін ақшаны "S" ЖК-ке төлеген және чек те ЖК-тің атынан берілген.
Жәбірленуші тарап, соттың шешімімен келіспей, істі апелляциялық сотта қайта қарауды сұрап отыр. Атап айтқанда:
- Сот массажды SPA-қызмет деп бағалаған, бірақ бұған жеткілікті дәлел келтірмеді;
- Массажды медициналық лицензиясы бар ЖШС қызметкері жасаған. Сондықтан оның медициналық қызметке қатысы бар-жоғын мұқият анықтау керек;
- ЖК-ның медициналық лицензиясы жоқ, бірақ клиент ақшаны ЖК-ке төлеген;
- ЖК пен ЖШС-нің құрылтайшысы бір адам. Сондықтан олардың арасындағы келісімдер бар болғанымен, нақты іс жүзінде қызметті кім көрсеткенін тексеру керек.
Мерует Өтегенова бірінші соттың клиентпен кім шарт жасасқанын, ақшаны кім алғанын, массаждың нақты құнын, массажистің кімнің қызметкері екенін және ЖШС-не массаж үшін ақша түскен-түспегенін толық анықтамаған деп санайды.
Сол себепті апелляциялық соттан бірінші соттың 2026 жылғы 8 шілдедегі қаулысын жойып, істің мән-жайларын қайта бағалауды және қосымша құжаттар мен дәлелдерді зерттеуді талап етіп отыр.
36 миллион теңгеге пәтер алған қазақстандық баспанасына кіре алмай қалды: Бұрынғы иесі ақшаны алаяқтарға беріп қойған