Талғарда әкесінің моласынан келе жатқан жігітті жабылып өлтірген: Сотта айыпталушы жауап берді
Алматы облысы Қаскелең қаласында Талғар ауданының тұрғыны 24 жастағы Жанасыл Сәрсенбайдың өліміне қатысты сот отырысы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сот отырысы ашық режимде өтіп жатыр.
Оқиға қалай болды?
Марқұмның туыстары күдікті үш жігіттің бұған дейін де ауыл тұрғындарына түнде шабуыл жасап жүргенін айтады. Олардың сөзінше, қайғылы оқиға болған түні күдіктілер Жанасыл мен оның інісін зираттан бастап үйіне дейін көлікпен қуған. Кейін үйдің алдында жас жігітке пышақ жарақатын салған. Марқұмның анасы ұлының өліміне кінәлілерге ең қатаң жаза тағайындалуын талап етіп отыр.
Алмагүл Нұрғызат әлі күнге дейін ұлының қазасына сене алмай жүр. Ол қолынан Жанасылдың суретін тастамайды.
Анасының айтуынша, жексенбі күні 24 жастағы Жанасыл әкесінің қабіріне барған. Ол зираттағы жұмыстарын аяқтап, үйіне қайтқанымен, қайта оралмады.
“Бір кезде ұлым жүгіріп келіп, "Ағамды пышақтап кетті" деді. Киімімді ауыстырып, сыртқа шықтым. Жанасылды көрдім. Ол тізерлеп отыр екен. Құшақтадым. Ауыр дем алып жатқанын байқадым. Оны ауруханаға алып бардық. Бірақ ол жерде ешкім болмады. Содан кейін Жетігендегі ауруханаға апардық. Алайда дәрігерлер кеш қалғанымызды айтты”, – деді Жанасылдың анасы Алмагүл.
Оқиға кезінде Жанасылдың інісі де сол жерде болған. Оның айтуынша, ағасымен бірге әкесінің қабіріне барып, оны тазалап қайтқан. Үйге қайтып келе жатқанда жолда бірнеше жігіт көлігімен олардың жолын бөгеген. Марқұмның туыстарының сөзінше, жігіттер көлігін жолдың ортасына қойып, есіктерін ашып отырған. Жанасыл оларға жолды босатуды сұрап, сигнал берген. Алайда олар көлігін қозғалтпаған. Осыдан кейін Жанасыл олардың көлігін айналып өтіп, жолын жалғастырған.
Туыстарының болжамынша, осы жағдай күдіктілердің ашуын келтірген. Жанасылдың інісі үш адамның оларды үйіне дейін қуғанын айтады.
“Біз оларды жоғары жылдамдықпен айналып өттік. Бірақ олар артымыздан қуып, сигнал беріп отырды. Біз мән бермей, тоқтамастан үйге жеттік. Көлікті үйдің алдына қойдық. Артымыздан келгендер де көлігін тоқтатып, сыртқа шықты. Олардың қолында пышақ бар екенін білмедік. Біреуі ағама жақындап, ештеңе айтпастан екі пышақпен жарақаттады. Содан кейін көлігіне отырып, қашып кетті. Олар өздерін біртүрлі ұстады, мас болған”, – дейді марқұмның інісі.
Жанасылдың өкпе тұсына пышақ тиген. Ол алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. Артында бір жасқа толмаған екі қызы қалды. Марқұмның туыстары күдіктілердің жасы 19 және 20 шамасында екенін айтады. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
1-сотта не болды?
1 қазан күні осы оқиға бойынша сот ісі басталды. Соттың алғашқы отырысынан-ақ үш айыпталушы жүздерін көрсетуге қарсылық білдірген. Олардың жасы 19 және 20-да. Алайда үшеуінің біреуі ғана адам өлтірді деген күдікпен сотталып жатыр. Қалған екеуіне қылмысты жасыру дерегі бойынша айып тағылған.
Айыпталушылардың бірінің айтуынша, оқиғаға Жанасыл мен олардың арасындағы жолдағы жағдай себеп болған.
“Жүргізуші бізге сигнал бере бастады. Елхан оған айналып өт деген белгі көрсетті. Жанасыл Елханға бірдеңе айтты, балағаттаған сияқты. Сосын көліктерін жоғары жылдамдықпен біздің жанымыздан өткізіп жіберді. Біз олардың артынан ердік. Үйдің жанына келгенде көліктен Елхан ғана түсті. Ол Жанасылды пышақпен ұрды. Кейін маған "Газды бас" деді. Пышақты көрген кезде қатты абдырап қалдым”, – деді айыпталушы.
Оқиға мамыр айында болған. Марқұмның туыстарының сөзінше, Жанасыл сол күні інісімен бірге әкесінің қабіріне барған. Үйге қайтып келе жатқанда олардың жолын көліктегі бірнеше жігіт бөгеген. Жанасыл оларға жолды босатуды сұрап, сигнал берген. Алайда жас жігіттер көлігін қозғалтпаған. Содан кейін ол бөгеп тұрған көлікті айналып өтіп кеткен. Туыстарының болжамынша, осы жағдайдан кейін әлгі жігіттер ашуланып, ағайынды жігіттерді үйлеріне дейін қуған.
Жанасылдың інісі Еркебұлан Сарсенбай да сотта болған оқиғаны айтып берді.
“Үш адамның көліктен түскенін көрдік. Мен жолаушы орнында отырдым. Ешқандай әңгіме болған жоқ. Кенет Елхан ағама жақындап, екі пышақпен кезек-кезек соқты. Алдымен оң қолындағы, кейін сол қолындағы пышағын қолданды”, – деді Еркебұлан.
Жанасыл Сарсенбай алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. Сот отырысына марқұмның анасы Алмагүл Нұрғызат та қатысты. Ол күдіктілерге ең қатаң жаза тағайындауды сұрады.
“Ұлым жүгіріп келіп, "Мама, ағамды пышақтап кетті" деді. Мен бірден сыртқа шықтым. Жанасыл тізерлеп отыр екен. Құшақтадым. Жедел жәрдем шақырдық. Кейін өзіміз ауруханаға апаруды жөн көрдік. Алайда дәрігерлер "Балаңыз қайтыс болды" деді. Мен оларды кешірмеймін. Мұндайды кешіру мүмкін емес. Осы үшеуі жасаған қылмысы үшін жазасын алсын. Өмірінің соңына дейін түрмеде отырсын”, – деді марқұмның анасы.
Жәбірленуші тарап айыпталушылардан 100 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіріп беруді талап етті. Қылмыстық іс екі бап бойынша қаралып жатыр. Олар – "Адам өлтіру" және "Қылмысты жасыру". Осы баптар бойынша сотталушыларға 6 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Талғарда әкесінің моласынан келе жатқан жігітті жабылып өлтірген: Сотта айыпталушы жауап берді