10 млрд теңгеге жуық қаражат қайда кеткен: "ҚазАвтоЖол" екі жол жобасына қатысты түсініктеме берді
"ҚазАвтоЖол" жалпы сомасы шамамен 9,8 миллиард теңгені құрайтын екі жол жобасы бойынша шығындардың не себепті түзетілгенін түсіндірді. Компания екі түрлі нысан туралы сөз болып отырғанын және олар бойынша құнның төмендеу себептері әртүрлі екенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бірінші жоба М-32 "Ресей Федерациясының шекарасы (Самараға қарай) – Шымкент" автожолының 1153-1240 шақырым аралығындағы учаскесін орташа жөндеуге қатысты.
Бұл учаске 2025 жылы жөнделуі керек учаске тізіміне енген. Құқық қорғау органдарының өтініштерінен кейін жолдың жағдайы бірнеше рет тексерілген. 2025 жылғы мамырда жүргізілген комиссиялық тексеру 87 шақырым жолға орташа жөндеу қажет екенін растады. Күзде бұл қорытынды қайта расталды.
Осыдан кейін нысан "ҚазАвтоЖолдың" мемлекеттік тапсырмасына енгізілді. Техникалық құжаттама сараптамадан өтіп, 2026 жылғы ақпанда Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы оң қорытынды берді.
30 наурызда мердігермен 87 шақырым жолды жөндеуге 9,803 миллиард теңге сомасына келісімшарт жасалды.
“Алайда 2026 жылы бұдан да ауқымды басқа жоба – "Ұлғайсын – Сексеуіл" бағытын қайта жаңғыртып, жолды Iб техникалық санатына ауыстыру жобасы әзірлене бастады. Инвестициялық жоба экономикалық сараптамадан 7 шілдеде өтті, ал 24 шілдеде кредиттік желі ашу туралы келісімге қол қойылды. Қайта жаңғырту жұмыстарын 2027–2030 жылдары жүргізу жоспарланып отыр”, – деп мәлімдеді "ҚазАвтоЖол".
Осыдан кейін "ҚазАвтоЖол" көлік прокуратурасымен бірлесіп, жұмыстардың қайталануына жол бермеу үшін екі жобаны салыстырды.

Осы уақытқа дейін М-32 учаскесінің 87 шақырымының 25 шақырымы жөнделіп қойған еді. Қалған бөлігіндегі жұмыстарды жалғастырмау туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде келісімшарт құны 9,803 миллиард теңгеден 2,710 миллиард теңгеге дейін төмендетіледі. Осылайша, түзету көлемі 7,093 миллиард теңгені құрады.
Компанияның түсіндіруінше, бастапқы жөндеу жұмыстары жолдың нақты жағдайы мен жүргізілген тексеру нәтижелеріне сүйене отырып жоспарланған. Қайта жаңғырту жобасы нақты параметрлер мен қаржыландыруға ие болғаннан кейін жөндеу жұмыстарының бір бөлігі жобадан алынып тасталды.
Екінші жоба А-34 "Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы" автожолының 179-229 шақырым аралығындағы учаскесін күрделі жөндеуге қатысты.
Бұл жерде құнның төмендеуіне басқа себеп болған. Жобалау кезеңінде жақын маңда техникалық су көздерінің орналасқаны туралы расталған деректер болмаған. Сондықтан бастапқы құжаттамаға техникалық суды жеткізу шығындары енгізілген.
Кейін "ҚазАвтоЖол" мердігермен бірге бұл мәселені қосымша зерттеп, нысанға жақын жерден техникалық су көздерін анықтады. Бұл логистиканы өзгертіп, шығындардың бір бөлігін алып тастауға мүмкіндік берді.
“Нәтижесінде жоба құны 2,730 миллиард теңгеге төмендетілді. Жұмыс нәтижелері Маңғыстау көлік прокуратурасына жолданды. Осылайша, екі жоба бойынша түзетілген жалпы сома шамамен 9,8 миллиард теңгені құрайды. Оның 7,093 миллиарды М-32 жолына тиесілі. Бұл қайта жаңғырту жобасы әзірленгеннен кейін жұмыстардың бір бөлігінің алынып тасталуына байланысты болды. Ал А-34 бойынша техникалық су жеткізуге қатысты деректер нақтыланып, шешім өзгергеннен кейін тағы 2,730 миллиард теңге түзетілді”, – делінген хабарламада.
"ҚазАвтоЖол" қаражатты тиімді пайдалану және жол жобаларын өзара үйлестіру мақсатында прокуратура органдарымен және басқа да бақылаушы органдармен жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.
Еске салсақ, үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының жұмысын сынға алып, жол сапасына қатысты мәселелерді шешуді талап еткен еді.
Талғарда әкесінің моласынан келе жатқан жігітті жабылып өлтірген: Сотта айыпталушы жауап берді