Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ өз азаматтарын оба тарауы мүмкін деген ақпаратқа байланысты Ресейден кетуге шақырды

зертхана зерттеулер
Фото: depositphotos.com

АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі Иркутск облысындағы оба ауруы тарауы мүмкін деген ақпаратқа байланысты медициналық ескерту жариялады. Дипломатиялық өкілдік америкалықтарға Ресейге бармауға, ал елде жүрген азаматтарына Ресей аумағынан дереу кетуге тағы шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елшілік болжамды ауру, карантиндік шаралар және ауруханалардағы шектеулер туралы жарияланымдарды бақылап отырғанын хабарлады. Дипломаттар АҚШ үкіметінің Ресейдегі азаматтарына, әсіресе Мәскеуден тыс жерлерде, көмек көрсету мүмкіндігі шектеулі екенін атап өтті.

Аймақтағы америкалықтарға жергілікті денсаулық сақтау органдарының нұсқауларын орындау және дене қызуы көтерілген немесе тыныс алу белгілері пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну ұсынылды. Елшілік аталған аймақта болған азаматтарға елге оралғаннан кейін 14 күн бойы денсаулық жағдайын бақылауды ұсынды.

Дипломатиялық өкілдік АҚШ Мемлекеттік департаментінің қолданыстағы ең жоғары, төртінші деңгейдегі "Сапарға шықпаңыз" деген ескертуін еске салды. 

Алаңдаушылыққа Иркутсктағы обаға қарсы институтының қызметкері қайтыс болғаны себеп болды. Әйел Шелехов қаласындағы ауруханада жатқан. Роспотребнадзордың мәліметінше, оған себебі анықталмаған пневмония диагнозы қойылған.

 Роспотребнадзордың мәліметінше, қайтыс болған әйелмен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды. Тексерілгендердің арасынан коронавирус жұқтырған екі адам және риновирустық инфекциясы бар екі адам анықталды. Басқа жұқпалы ауру қоздырғыштары табылған жоқ. 6 қазанға қарай байланыста болған адамдардың 60 пайызына қатысты медициналық бақылау аяқталды.

"Иркутск облысындағы, Иркутск және Шелехов қалаларындағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты", – делінген хабарламада.

6 қазанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Кристиан Линдмайер Ресей ұйымға Иркутскіде оба ауруының тіркелген жағдайлары жоқ екенін және байланыста болған адамдардың тексеру нәтижелері теріс болғанын хабарлағанын айтты.

Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы да жағдайды бақылап отыр. Орталықтың бағалауынша, қолда бар ақпаратқа сәйкес, аурудың екінші реттік жағдайлары туралы мәлімет жоқ. Сондай-ақ инфекцияның адамнан адамға тұрақты берілуін дәлелдейтін деректер анықталмаған.

Еске салсақ, бұған дейін Ресейде оба жұқтырды деген күдікпен 200-дей адам бақылауға алынғаны туралы хабарлаған едік. Бұдан кейін Қазақстан да алдын алу шараларын күшейтті.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 20:23