Алматыда бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов төрт жылға сотталды
Алматыда бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцовқа қатысты сот үкімі шықты. Сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды, алайда рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі төрт жылға қысқартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Істі Алматы қаласы Медеу аудандық №2 соты қарады. Воронцов Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі бойынша өткізу мақсатынсыз психотроптық заттың аналогын аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алып, сақтағаны үшін кінәлі деп танылды.
Тергеу нұсқасы бойынша, Воронцов тұрған үйде жүргізілген тінту кезінде 3-CMC меткатинонының аналогы 2,44 граммдық зат табылған.
"Айыптау тінту нәтижелерімен, сараптамалармен, куәгерлердің жауаптарымен және іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді. Ақпан айында жүргізілген медициналық куәландыру Воронцовтың каннабиноид қолданғанын көрсетті. Бұған дейін де ол оларды қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, он тәулікке қамауға алынған", – деп хабарлады сот.
Бұл бап бойынша оған үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот алты жыл жаза тағайындады.
Кейін жаңа Конституция қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық қолданылып, жаза мерзімі үштен бірге қысқартылды. Осылайша Воронцов төрт жылға сотталды.
Воронцов ақпан айында ұсталған. Бастапқыда оған есірткі притонын ұйымдастырды деген айып та тағылған, алайда кейін прокуратура бұл айыпты алып тастады.
Сот процесі 16 қыркүйекте басталды. Алғашқы отырыста прокурор сот процесін журналистер мен көпшілік үшін жабық өткізуді сұрады. Қорғау тарапы бұған қарсылық білдірді. Осыдан кейін Воронцов аштық жариялаған еді. Ал адвокат Ғалым Нұрпейісов қылмыстық қудалауды саяси сипаттағы іс деп атап, сот отырысының жабық өтуіне қарсылық білдірген.
Талғарда әкесінің моласынан келе жатқан жігітті жабылып өлтірген: Сотта айыпталушы жауап берді