36 миллион теңгеге пәтер алған қазақстандық баспанасына кіре алмай қалды: Бұрынғы иесі ақшаны алаяқтарға беріп қойған
36 миллион теңгеге пәтер сатып алған отбасы баспанасына кіре алмай қалды. Нотариус арқылы рәсімделген мәмілеге қарамастан, бұрынғы иесі үйден шығудан бас тартып отыр. Ол пәтердің ақшасын алаяқтарға беріп қойғанын айтып, полицияға арыз жазған. Енді заңды түрде сатып алынған пәтер кімде қалады және жаңа иесі не істей алады? Stan.kz тілшісі заңгерден жауап алды.
Қазақстандық оқиғасын желіде бөлісті. Айтуынша әпкесі 14 шілде күні пәтер сатып алып, оны нотариус арқылы рәсімдеген.
“Пәтердің бұрынғы иесі ақшаны сол жерде қолма-қол алды. Содан кейін тараптар келісіп, сатушы 14 тамызға дейін пәтерді босатып шығуға уәде берді. Алайда 10 тамызда бір әйел қоңырау шалып, өзін пәтер иесінің адвокаты ретінде таныстырды. Оның айтуынша, пәтердің бұрынғы иесі алған ақшасын алаяқтарға беріп қойған. Осыған байланысты олар полицияға арыз жазып, пәтерге тыйым салуды сұраған. Адвокаттың айтуынша, іс толық анықталғанға дейін пәтердің бұрынғы иесі үйден шықпайды екен”, – деп баяндады желі қолданушысы.
Айтуынша, пәтерді сатқан бұрынғы иесі болса қазір телефон қоңырауларына жауап бермейді екен. Тіпті есікті ашпай, пәтерді босатуға да ниеті жоқ екендерін көрсеткен.
“Біз енді не істей аламыз? Құқық қорғау органдары мұндай жағдайлар соңғы кезде жиілеп кеткенін және соттың шешімін күту керек екенін айтып отыр. Ал сот процесі тез аяқталмайтыны түсінікті. Бірақ бұл жерде біздің қандай кінәміз бар? Ақшаны толық төлеп, пәтерді заңды түрде сатып алдық. Осындай жағдайға тап болғандар бар ма? Не істегендеріңізді айтып, кеңес берсеңіздер. 14 шілдеде бізден 36 миллион теңге алды. Ал 10 тамызда барып, ақшаны біреулерге беріп қойғанын айтып отыр. Оның бізге қандай қатысы бар? Қолымызда барлық түбіртек пен қолхат бар. Пәтер де біздің атымызда рәсімделген. Бірақ бұрынғы иесі полицияға арыз жазып, адвокат жалдап, бізбен сөйлеспей отыр. Учаскелік полиция қызметкері де: "Сотқа жүгініңіздер, мен оны мәжбүрлеп шығара алмаймын" дейді”, – деп қосты ол.

Желі қолданушылары болған оқиғаны қызу талқылап, алаңдаушылық танытты. Мұндай жағдайлардың соңғы кездері көп кездесіп жүргенін де айтты.
“Таныстарымның басында да осындай жағдай болған. Өкінішке қарай, олар пәтерсіз де, ақшасыз да қалған. Ол жерде де пәтерді сатқан әжей ақшаның бәрін алаяқтарға беріп қойғанын айтқан. Өзінде басқа баспана болмағандықтан, сатылған пәтерден шықпай қойған. Оның үстіне сот шешімімен пәтерге де тыйым салынған”;
“Сотқа сіздерді адал сатып алушы деп тану, пәтерге қойылған тыйымды алып тастау және бұрынғы иесін пәтерден шығару туралы талап арыз беру керек. Амал жоқ, сот процесіне уақыт кетеді. Сондықтан бұл мәселені жаңа жылға дейін шешуге тырысу керек”;
“Егер мәміле толық рәсімделіп, әпкеңіздің қолында сатып алу-сату шарты болса, пәтер оның атына тіркелуі керек. Мұны eGov арқылы жылжымайтын мүлік туралы анықтамадан тексеріп көрсін”;
“Егер пәтер заң бойынша сіздердің меншіктеріңізге өткен болса, меншік иесі ретінде жарық пен суды өшіріп тастауға болады”;
“Сірә, бұлардың өздері де алаяқ болуы мүмкін. Әйтпесе адам сияқты сіздермен өздері хабарласып, жағдайды дұрыстап түсіндірер еді”, – деп жазды желі қолданушылары.
“Мұндай жағдайда сатып алушы не істей алады”
Заңгер Нұрсұлтан Орынбек Жаңа Конститутциядағы ережеге сәйкес ешкімді сот шешімінсіз баспанадан қуып шығуға болмайтынын алға тартты.
"Олар ақшаны алаяқтарға қалай бергені – бөлек мәселе. Егер пәтерді сату кезінде сатып алу-сату шарты нотариус арқылы заңды түрде рәсімделіп, тараптар келісімге келген болса, ал сатушы кейін алаяқтарға алданып қалған болса, бұл жерде сатып алушының кінәсі жоқ. Ол адал сатып алушы болып есептеледі”, – деді маман.
Заңгер осы тұста пәтерді сатқан адам келісімде көрсетілген мерзімде үйді босатудан бас тартуы заңсыз екенін алға тартты.
“Сатып алу-сату шартында пәтердің қашан босатылатыны нақты көрсетілуі керек. Егер сатушы шарттағы талаптарды орындамаса, сатып алушы азаматтық сотқа жүгініп, өз құқығын қорғай алады. Сот шешімі шыққан жағдайда, бұрынғы иесі пәтерден мәжбүрлі түрде шығарылуы мүмкін. Сатып алушы сотқа сатып алу-сату шартын және ақшаны төлегенін растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Ал алаяқтарға алданып қалған пәтердің бұрынғы иесі бұл мәселе бойынша полицияға бөлек жүгінуі тиіс. Себебі оның алаяқтармен болған мәселесінің сатып алушыға қатысы жоқ”, – деп қосты ол.
Нұрсұлтан Орынбек егер барлық құжат болса, сот сатып алушының құқығын міндетті түрде қорғайтынын алға тартты.
“Ал пәтердің бұрынғы иесімен келісімшарт жасап, ақшасын алып болғаннан кейін "мен алаяқтарға алданып қалдым" деп пәтерді босатпауы сатып алушының құқығын шектемеуі керек. Сондай-ақ пәтердің жаңа иесі бұрынғы тұрғынды өз бетінше шығарып, суын немесе жарығын өшірмеуі керек. Бұл өз бетінше әрекет ету ретінде бағалануы мүмкін. Адамды пәтерден шығару тек заңды тәртіппен, қажет болса сот шешімі арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Егер пәтер нотариус арқылы заңды түрде рәсімделіп, адал сатып алушының меншігіне өткен болса, сот оның құқықтарын қорғап, соның пайдасына шешім шығарады. Ал бұрынғы иесінің алаяқтарға алданып қалуына байланысты мәселе бөлек қаралады және ол полиция арқылы анықталуы керек”, – деп қорытты маман.
Еске салсақ, бұған дейін елімізде Жаңа конститутция бойынша ешкімді баспанадан күштеп шығаруға болмайтыны туралы жазған едік. Жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұрын конституцияда да, “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңда да жазылған бұл норма Жаңа Конституцияда күшейтіліп “көшіру” ұғымы ретінде нақты енгізілді. Енді ешкімді сотсыз үйден шығару заңсыз екені анық көрсетілген.
36 миллион теңгеге пәтер алған қазақстандық баспанасына кіре алмай қалды: Бұрынғы иесі ақшаны алаяқтарға беріп қойған