20 тамыздан бастап Қазақстанда ұялы телефон сату және сатып алу ережесі қалай өзгереді
Биыл 20 тамыздан бастап Қазақстанда верификациядан өтпеген ұялы телефондарды сатуға тыйым салынады. Жеке тұлғалар бір жыл ішінде шетелден жеке пайдалануы үшін әкелген екі телефонды ғана верификациядан өткізе алады. Үшінші және одан кейінгі құрылғылар бұл рәсімнен өте алмайды. Жаңа талаптар сатушыларға да, сатып алушыларға да қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
20 тамыздан бастап Қазақстанда ұялы телефондар мен смартфондарды, “абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын” сату тәртібін өзгертетін заңнамалық талаптар күшіне енеді. Бұл өзгерістер “Байланыс”, “Сауда қызметін реттеу” және “Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы” заңдарға енгізілген.
Верификация деген не?
Верификация – ұялы телефонның заңды түрде пайдаланылып жатқанын тексеру рәсімі. Ол үшін құрылғының IMEI нөмірі тексеріледі және телефонның Қазақстанға заңды түрде әкелінгені анықталады.
Бұған дейін де Қазақстанда телефондарды верификациялау жүргізілген. Ол үшін құрылғының IMEI нөмірі GSMA-ның деректер базасындағы ақпаратпен салыстырылып, телефонның елге әкелінуінің заңдылығы тексерілетін. Алайда бұған дейін верификацияны мемлекеттік орган емес, жеке ұйым жүргізіп келді. Сонымен қатар верификациядан өтпеген телефондарды сатуға заң бойынша нақты тыйым салынбаған еді. Енді бұл талап өзгереді. 20 тамыздан бастап Қазақстанда верификациядан өтпеген ұялы телефонды сатуға тыйым салынады.
Телефондарды верификациялау кейін мемлекеттік монополия саласына да өтеді. Бұл норма 2027 жылы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Демек оған дейін өтпелі кезең қарастырылған.
Сатушыларға қандай талап қойылады?
Енді сатушы телефонды тұтынушыға ұсынбас бұрын оның верификациядан өткен-өтпегенін және құрылғыға қандай да бір шектеу қойылғанын тексеруге міндетті. Сонымен қатар сатушы тауарды өткізген кезде сатып алуды растайтын құжатта телефонның идентификациялық кодын көрсетуі керек. Телефонды сатуға байланысты верификация мен тексеруге кететін шығындарды да сатушы көтереді. Ал телефонды абоненттің атына тіркеу тұтынушы үшін тегін жүргізіледі.
Бұл талап интернет-дүкендер мен маркетплейстер арқылы сатылатын телефондарға да қатысты. Демек маркетплейстегі сатушылар да құрылғының мәртебесін тексеруге міндетті. Ережені бұзған жағдайда сатушыларға айыппұл салынады. Оның мөлшері кәсіпкерліктің түріне қарай 90-нан 600 АЕК-ке дейін болуы мүмкін. 2026 жылғы есеппен бұл шамамен 389 мың теңгеден 2,6 миллион теңгеге дейін.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді мобильді операторлар тарифтерді аяқ астынан қымбаттата алмайтыны туралы жазған едік.
Сатып алушылар нені білуі керек?
Телефон сатып алар алдында сатушы тұтынушыға құрылғының идентификациялық кодын беруге міндетті. Сатып алушы осы код арқылы телефонның верификациядан өткен-өтпегенін тексере алады.
Жаңа телефонды өз атына тіркеу үшін сатып алушыдан:
- Жеке сәйкестендіру нөмірі;
- телефонның идентификациялық коды;
- құрылғыда пайдаланылатын абоненттік нөмірі талап етіледі.
Бұл ақпаратты ұялы байланыс операторлары деректер базасының операторына тегін жібереді. Демек бұл рәсім үшін телефон иесінен ақы алынбайды.
Верификациядан өтпеген телефон сатылса, не істеуге болады?
Егер сатып алушыға верификациядан өтпеген телефон сатылса, ол тұтынушы құқығын қорғау туралы заңға сәйкес сатушыға талап қоя алады.
Мысалы, сатып алушы:
- тауардың бағасын төмендетуді;
- ақауын тегін жоюды;
- ақауды өзі жөндеген болса, кеткен шығынды өтеуді;
- телефонды дәл сондай модельге ауыстыруды;
- басқа модельге ауыстырып, баға айырмасын қайта есептеуді;
- келісімшартты бұзып, ақшасын қайтаруды талап ете алады.
Бұл жағдайда талапты өндірушіге емес, телефонды сатқан сатушыға қою қажет.
Жеке тұлғалар үшін қандай шектеу бар?
Жаңа ережеде жеке тұлғаларға да шектеу қойылған. Қазақстанға жеке пайдалануы үшін шетелден әкелген екі ұялы телефоннан артық құрылғыны бір күнтізбелік жыл ішінде верификациядан өткізуге болмайды.
Осылайша, 20 тамыздан бастап Қазақстанда телефон сату кезінде құрылғының верификациядан өткен болуы міндетті. Ал сатып алушылар телефон алар алдында оның мәртебесін тексеруге құқылы. Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – Қазақстанда заңсыз әкелінген немесе пайдаланылуына шектеу қойылған мобильді құрылғылардың сатылуына жол бермеу.
36 миллион теңгеге пәтер алған қазақстандық баспанасына кіре алмай қалды: Бұрынғы иесі ақшаны алаяқтарға беріп қойған
