Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға ұялы телефон әкелу ережелері өзгерді: Азаматтар нені білуі керек

Телефон дүкені
Фото: istockphoto.com

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қазақстандықтарға мобильді құрылғыларды Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы әкелудің жаңа қағидаларын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған өзгерістер 2026 жылдың 19 сәуірінен бастап Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының №34 шешімі негізінде күшіне енді. Енді жеке пайдалануға арналған құрылғыларды елге әкелетін жеке тұлғалар жолаушылар кедендік декларациясын толтыру кезінде гаджеттің IMEI-кодын көрсетуге міндетті.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, халықаралық идентификаторды (IMEI-код) "Тауардың атауы және оның сипаттамасы" деген бағанға енгізу қажет.

Жаңа ережелер мына құрылғыларға қолданылады:

  • смартфондар мен ұялы телефондар;
  • ұялы байланысқа қосылу мүмкіндігі бар планшеттер;
  • ұялы байланыс желілерін пайдаланатын және жеке IMEI-коды бар өзге де құрылғылар.

Департамент мәліметінше, бірегей идентификаторды көрсету байланыс саласы мен кедендік реттеу бойынша Қазақстан заңнамасына сәйкес техниканы кейіннен сәйкестендіру және тексеру үшін қажет.

Мемлекеттік кірістер департаменті кедендік декларациялау кезінде толық емес немесе жалған мәліметтерді ұсыну ЕАЭО және Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.

Кедендік бақылаудан өту кезінде кідірістерді болдырмау үшін азаматтарға әкелінетін құрылғының IMEI-кодын алдын ала анықтап алуға кеңес берілді. Оны құрылғының қорабынан, гаджеттің корпусынан немесе телефон мен планшет баптауларынан табуға болады. Бұдан кейін кодты жолаушылардың кедендік декларациясына дұрыс енгізу қажет.

Еске салсақ, Қазақстанда 2025 жылдың 24 наурызынан бастап мобильді құрылғыларды тіркеу ережелері өзгерген еді. Ереже енгізілгенге дейін әкелінген құрылғылар автоматты түрде верификацияланған болып есептелді. Алғашқы екі айда бұл рәсім бизнес үшін тегін болды, алайда 2025 жылғы 25 мамырдан бастап әрбір телефон үшін 1 АЕК (2026 жылы 4325 теңге) төлеу міндеттелді. Сол кезде Цифрлық даму министрлігінде бұл мәселе бойынша "мемлекет деректерді қорғау, тұтынушылар құқықтары және қауіпсіздік мәселелерін толық бақылауда ұстайды" деп мәлімделген. Алайда верификация процесінің өзі жеке компанияға – "ATS Mediafon KZ" ЖШС-іне берілген. Жуырда ұялы телефондарды верификациялау жүйесі мемлекетке берілетіні белгілі болды.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 19:11