Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Автоқоңырау мен қосымша ақылы қызметтерді қосуға тыйым: Қазақстанда байланыс операторларына қатысты жаңа ережелер енгізілді

SIM карта
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда байланыс қызметтерін көрсету ережелері өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тиісті түзетулерді жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі енгізді. Министрлік мәліметінше, жаңа ережелер 28 маусымнан бастап күшіне енеді. Өзгерістер ақылы қызметтерді қосу тәртібіне, жарнамалық хабарламалар таратуға және балалардың атына SIM-карталарды рәсімдеуге қатысты болады.

Енді байланыс операторлары абоненттің растауынсыз қосымша ақылы қызметтерді қоса алмайды. Абонент өз келісімін жеке кабинет, SMS, телефон қоңырауы немесе USSD-сұраныс арқылы бере алады.

Тағы бір өзгеріс "автоқоңырауларға" қатысты.  Бұрын бұл қызметтен бас тарту техникалық шектеулерге байланысты қиын болса, енді операторларға мұндай хабарлау түрін қолдануға толық тыйым салынады. Оның орнына абоненттерге қабылданбаған қоңыраулар туралы SMS-хабарламалар жіберіледі.

Сонымен қатар пайдаланушылар байланыс операторларының жарнамалық және ақпараттық хабарламалардан бас тарта алады.

14 жасқа толмаған балаларға арналған нөмірлерді тіркеу тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Енді балаға SIM-картаны тек оның заңды өкілдері биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана рәсімдеуге болады. Сонымен қатар бір кәмелетке толмаған балаға тек бір ғана нөмір тіркеуге рұқсат етіледі.

Министрлік жаңа ережелер тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және цифрлық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық байланыс операторлары 30 маусымнан бастап автоқоңырау қызметін өшіре бастайтыны туралы жазған едік. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов автоматты қайта қоңырау шалу (автодозвон) қызметіне қатысты мәселені министрлік алдында көтеріп, заңға түзету енгізуді ұсынған еді. Депутаттың ұсынысынан кейін бұл бағытта нақты өзгерістер қолға алынды.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 22 Маусым, 2026 18:34