Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда автоқоңыраулар жойылып, SMS-хабарлама енгізіледі

автодозвон
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов автоматты қайта қоңырау шалу (автодозвон) қызметіне қатысты мәселені министрлік алдында көтеріп, заңға түзету енгізуді ұсынған еді. Енді бұл бағытта нақты өзгерістер қолға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе мәжілістің пленарлық отырысында және комитет жиынында көтеріліп, заңға тиісті түзетулер ұсынылған.

"Автодозвон (автоматты қайта қоңырау шалу) мәселесін министрдің алдында көтеріп, заңға түзету енгізген едік. Нәтиже бар! Қазір Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілуде. Жаңа ережеге сай, абонентті қабылданбаған қоңыраулар туралы SMS арқылы ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар заң жобасы шеңберінде рұқсат етілмеген трафикті генерациялауға тыйым салу бойынша да арнайы түзетулер қарастырылып жатыр. Халықты мазалайтын, спамға айналған заңсыз қоңырауларға құқықтық тұрғыдан нақты тосқауыл қою маңызды", – деп жазды Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасында.

Сонымен қатар заң жобасы аясында рұқсат етілмеген трафикті генерациялауға тыйым салатын арнайы түзетулер де қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, депутат өз сөзінің дәлелі ретінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінен келген ресми құжаттың фотосын жариялады. Құжатқа вице-министр қол қойған.

"Қазір бұйрық жобасы Әділет министрлігінің ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес пысықталып жатыр", – делінген құжатта.

Министрлік жауабы
Фото: Асхат Аймағамбетовтің архивінен

Айта кетейік, автодозвон – абонент байланысқа шықпаған жағдайда ұялы байланыс операторларының автоматты түрде қайта қоңырау шалатын қызметі.

Еске салайық, 13 мамыр күні мәжіліс отырысында Асхат Аймағамбетов автоқоңырау қызметінің азаматтарға жиі қолайсыздық тудыратынын айтып, бұл мәселені көтерген еді. Алматыда 2026 жылғы сәуірде телефон алаяқтығымен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді. Тергеу мәліметінше, күдіктілер байланыс операторларының жүйесін айналып өтіп, шетелден қазақстандықтарға заңсыз қоңыраулар ұйымдастырған. Олар виртуалды телефон станцияларын бөтен компаниялардың атына тіркеп, арнайы бағдарламаларды пайдаланған. Осылайша, 4 миллионнан астам қоңырау шалынған. Байланыс операторларына келтірілген шығын 15 миллион теңгеден асқан. Операцияны ҰҚК прокуратурамен бірлесіп жүргізді.

Айым Атамбаева
Жұма, 22 Мамыр, 2026 14:38