"4 миллионнан аса қоңырау шалынған": Алматыда телефон алаяқтығымен айналысқан қылмыстық топ әшкереленді

Алматыда күдіктілер шетелден қазақстандықтарға миллиондаған қоңырау шалып, байланыс операторларына 15 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылғы сәуір айында Алматы қаласында телефон арқылы алаяқтық жасаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Операцияны Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарымен бірлесіп жүргізген.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер байланыс операторларының бақылау жүйесін айналып өтіп, шетелден қазақстандық абоненттерге заңсыз түрде қоңырау шалудың арнайы схемасын ұйымдастырған. Олар бөтен заңды тұлғалардың атына виртуалды телефон станцияларын тіркеп, жергілікті ұялы нөмірлерді пайдаланған. Сонымен қатар арнайы зиянды бағдарламаларды қолданғаны анықталды.
Осы заңсыз әрекеттерден соң 4 миллионнан астам қоңырау шалынған. Соның салдарынан байланыс операторларына келтірілген шығын көлемі 15 миллион теңгеден асқан.
Тінту барысында техникалық құрылғылар мен басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысы Рудный қаласында телефон жөндеумен айналысқан ер адамның клиенттердің смартфондарындағы банк қосымшаларын бұзып, ақша ұрлағаны анықталған. Күдікті қарапайым құпиясөздерді (туған күн, есім) іріктеу арқылы аккаунттарға кіріп, қаражатты өз шотына аударып отырған. Қазір оның кемінде үш эпизодқа қатысы дәлелденіп, келтірілген шығын 1 миллион теңгеден асқаны хабарланған.
"Еркекке айналып, жас қыздармен қатынасқа түседі": Қазақстандық әйелдер түрмедегі былықтарды жайып салды
Оқыңыз