Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық байланыс операторлары 30 маусымнан бастап автоқоңырау қызметін өшіре бастайды

Телефонға қоңырау шалу
Фото: istockphoto.com

Қазақстандық байланыс операторлары 30 маусымнан бастап автоматты қайта қоңырау шалу қызметін өшіре бастайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Kcell байланыс операторы 2026 жылдың 30 маусымнан бастап Kcell және activ абоненттері үшін “микроқоңырау" қызметін өшіретінін хабарлады. Оған дейін қызмет бұрынғы тәртіппен жұмысын жалғастыра береді.

Компания өкілдерінің айтуынша, "микроқоңырау" қызметі дәстүрлі ұялы байланыс негізгі байланыс құралы болған кезеңде пайда болған. Бұл қызмет қоңырау жүзеге аспаған жағдайда абоненттің байланысуға әрекет жасағанын хабарлауға мүмкіндік беретін.

Kcell мәліметінше, қазір абоненттер мессенджерлерді, дауыстық хабарламаларды және басқа да цифрлық байланыс арналарының мүмкіндіктерін жиі пайдаланады. Осыған байланысты бұл қызметке деген қажеттілік айтарлықтай төмендеген.

Аталмыш қызметтің өшірілетінін Beeline компаниясы да хабарлады. 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Beeline желісіндегі барлық мобильді нөмірлерде пайдаланушыларға "микроқоңырау" ретінде таныс Beep Call қызметі жұмысын тоқтатады.

Компания өкілдерінің айтуынша, қызметті өшіру туралы шешім пайдаланушылардың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып қабылданған.

"Біз пайдаланушылардың пікіріне құлақ астық", – делінген Beeline компаниясының хабарламасында.

Beeline абонеттері үшін Beep Call қызметі 2026 жылдың 30 маусымына дейін бұрынғы тәртіппен жұмысын жалғастыра береді. Ал 1 шілдеден бастап бұл қызмет оператордың барлық мобильді абоненттері үшін қолжетімсіз болады.

Еске салсақ, бұған дейін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов автоматты қайта қоңырау шалу (автодозвон) қызметіне қатысты мәселені министрлік алдында көтеріп, заңға түзету енгізуді ұсынған еді. Депутаттың ұсынысынан кейін бұл бағытта нақты өзгерістер қолға алынды.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 02 Маусым, 2026 21:22