Тоқаев олимпиадада жүлде алған оқушыларға 6,5 миллион теңгеге дейін сыйақы берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық оқушылардың білім саласында үлкен жетістіктерге жетіп жатқанын алға тартып, оларды мақтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Предизенттің айтуынша, Қазақстан – нағыз дарынды жастардың елі. Ол өскелең ұрпақтың барлық бағытта, әсіресе, білім саласында үздіктер қатарынан көрініп келе жатқанын атап өтті.
“Биыл оқушыларымыз 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алды. Оның 200-ден астамы – алтын медаль. Мұны тамаша жетістік деуге болады. Осы тұста халықаралық физика олимпиадасында керемет өнер көрсеткен оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Беделді бәсекеге қатысқан бес талапкеріміздің бесеуі де алтын медаль алып, жеңімпаз атанды. Бұл – бұрын-соңды болмаған бірегей көрсеткіш. Жалпы, біз барлық бағыттар бойынша осындай үздік нәтижеге ұмтылуымыз керек. Қазақстан жастарының әлеуеті оған толық жетеді”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент салтанатты рәсім барысында халықаралық пәндік олимпиадаларда алтын, күміс және қола медаль иеленген оқушылар мен студенттерге тиісінше 6 487 500 теңге, 4 325 000 теңге және 2 162 500 теңге көлемінде ақшалай сыйақыға сертификаттар табыстады.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияда ғылым мен білімге, инновацияға басымдық берілгенін айтты.
“Біз бір ел, бір халық болып ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Жаңа Конституциямызды қабылдадық. Еліміздің бас құжатында ғылым мен білімге, инновацияға басымдық бердік. Ең бастысы, жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін жазылды. Кеше ғана тарихымызда тұңғыш рет Құрылтай сайлауы өтті. Бұл сайлау сәтті, мінсіз ұйымдастырылды деп айтсақ, қате болмас. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүкіл халқымызға азаматтық кемелдік танытып, жаңару стратегиямызды қолдағаны үшін мың да бір алғысымды айтамын. Сайлау кезінде бір топ байқаушылар, соның ішінде халықаралық байқаушылар өте тиімді жұмыс істеді. Оларға да зор ризашылығымды білдіремін”, – деді президент.
Сондай-ақ Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне алғыс білдіріп, олардың табанды қызмет еткенін атап өтті.